Туберкулез – қауіпті дерт

494 Views

Туберкулез – аса қауіпті жұқпалы індет. Әлемде туберкулезден қаза болған адамдар саны жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі індеті (СПИД), безгек, тропикалық ін­дет сияқты барлық аурулардан қаза болғандар санынан әлдеқай­да жоғары. Бұл аса қауіпті ауру­ды «№1инфекциялық өлтіргіш» деп атайды. Туберкулезге шалдыққан адамның әртүрлі ағза­лары зақымданады: бүйректері, ішек­тері, сүйектері мен буындары, ми қабығы көбінесе өкпелері. Індет қоздырғыштары – ту­бер­кулез таяқ­ша­лары, олар сыртқы ортаға өте төзімді ке­ле­ді. Туберкулезге шалдыққан адамдар мен жануарлардан, құстардан бөлінген заттар топыраққа, суға түсіп, суыққа төзімді болғандықтан жылдар бойы сақталып, дем алғанда ауадағы шаң арқылы да жұғуы мүмкін. Ең қауіпті фактор – ауру адамның қақырығы. Ауру адам жөтелгенде, қақырығында тубер­кулез микробы бар майда тамшылар ауаға шашырап, олармен сау адамдар дем алады. Ауру малдардың шикі сүтінен дайындалған сүт өнімдерін пайдаланғанда да індет жұқ­тыруы мүмкін. Туберкулез індетінің негізгі белгілері: 2-3 аптадан аса жөтелу, тәбеті жоғалу, дене қызуы көтерілу, түнде терлеу, өкпе тұсы ауырып, әлсіздік пайда болу, қанды қақырық тастау. Егер Сіздің жанұяңызда ауырған адамда осы белгілер байқалса, дереу дәрігерге көріну қажет. Туберкулез індетімен күресудің ең манызды шараларының бірі – алдын алу. Туберкулез індетін болдырмау үшін егу жұмыстары жүргізіледі: алғаш рет нәрестелер үйінде, бала жаңадан туылған кезде және 6-7 жаста қайта егіледі. Тұрғындар дәрігерлік тексеру­ден өтіп тұрулары керек: ағзада індет қоздырғышының бар-жоғын анықтау үшін 14 жасқа дейінгі балаларға «Манту» жасалады да, 15 жастан асқандар флюорографиялық тексеруден өтеді.
Есіңізде сақтаңыз! Дұрыс тамақтанбау, темекі шегу, нашақорлық, маскүнемдік адамның қорғаныс қабілетін (имму­нитет) төмендетеді. Адамның өз ден­сау­лығына жауапты түрде қарауына да көп байланысты. Шынығу, спортпен ай­налысу, дұрыс тамақтанып, еңбек және демалыс тәртібін тиімді пайдалану, зиянды әдеттерден бас тарту, гигиена ереже­лерін сақтау – ауруды жұқтырмауға бөгет болады. Күн сәулесі, таза ауа мен тазалық туберкулез таяқшаларын жо­йып жібереді.

Н.Женбаева, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

қадағалау бөлімінің жетекші
маманы.

Поделиться ссылкой: