Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

444 Views

немесе кәсіпкер, көпбалалы ана, іскер әйел Айнагүл Абдраимова туралы толғаныс

Ақылы мен тапқырлығы, тәрбиесі мен дара мінезі әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналарымыздың бірі – Алмагүл Әбдірайымова еді. Алмагүл анамыз 33 жыл бойы сауыншылық қызметіндегі еңбегімен елдің құрметіне бөленді. «Ленин», «Құрмет белгісі» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұған қоса екі рет қатарынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері» атағы берілді. Коммунистік партияның Орталық комитетінің мүшесі болды. Бұл кісінің халқына жасаған қызметі, сіңірген еңбегі жайлы айта берсек, тізім созыла бермек. Қазіргі таңда Алмагүл апамыздың жасаған игі істерін жалғастырушы, келіні Айнагүл Абдраимованың да халыққа жасаған жақсылығы аз емес. Тұрмысы төмен отбасыларды ақшалай, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ықыласына бөленді. Халықтың басына қара бұлт үйірген пандемия кезінде қаншама отбасына қамқорлық жасап, мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдем беріп, әр баланың маңдайынан сипаған Айнагүл ханымның жасаған қамқорлығы жайлы ерекше айтып кетуге болады.
Алты баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр ана. Қоғамдық істерге белсене араласатын волонтер. Бір өзі бірнеше істі арқалап жүрген Айнагүл ханым қазіргі таңда «Алрай» шаруа қожалығының басшысы болып, аталмыш қожалықтың мерейін асырып отырған іскер әйел. Кәсіпкерлікті де, отбасын да қатар алып жүрген ол бүгінгінің жастарына үлгі боларлық абзал АНА.
Осы жақын күндері Құлан агротехникалық жоғары колледжінде өткізілген іс-шарада Айнагүл ханымға Халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасағаны үшін, БҰҰ аясынан құрылған «Бейбітшілік әлемі» (Планета мира – World of Peace) Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің «Мейірбан ана» ордені берілді. Сонымен қатар, Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың алғыс хатымен марапатталды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақында Айнагүл Абдраимова өзінің отбасымен бірге Құлан ауылының тұрмысы төмен 3 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрғындардың алғыс-тілектеріне бөленді.
Кәсіпте ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізіп, отбасында да ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана болып отырғанына риза болдық. «Тірлігі тындырымды» деген тіркес осы кісіге арналғандай.

Ғазиза Асқар.

Поделиться ссылкой: