Құлан агротехникалық жоғары колледжіндегі игі іс-шара

352 Views

Биыл елімізде алғаш рет «Жұмыс берушілер күні» ресми түрде аталып өтті. Аталмыш мерекені өз деңгейінде өткізуге еліміздегі 700-ге жуық колледж ұжымы барынша атсалысқан. Статистикалық мәліметтерді сөйлететін болсақ, дәл осы күні республика көлемінде ұйымдастырылған іс-шараларға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан астам өкілі шақырылған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден астам меморандум мен 500-ден астам ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Олардың қатарында ауданымызда орналасқан Құлан агротехникалық жоғары колледжі де бар.
Мереке қарсаңында Құлан агро­техникалық жоғары колледжінде «Пісіру технологиялары» атты жаңа орталық ашылды. Орталықтың тұсауын аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев пен «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Балжан Қодасова ресми түрде кесті. Айта кетейік, шымылдығы түрілген жаңа орталық заманға сай техникалық құрылғылармен жабдықталған. «Жас маман» жобасының шеңберінде іске қосылған орталықта лазерлі станок, темір кесу және майыстыру құралдары, жалпы пісіру технологиясына қажетті құрылғылар толығымен жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, іргелі оқу ордасының базасында екі бірдей ірі орталық бар. Шарапаты мол шара барысында аталмыш орталықтарға экскурсия жасалды. Экскурсия барысында қонақтар студенттердің тиімді білім алуына толыққанды жағдай жасалғандығына анық көз жеткізді.
Ашылу салтанатынан кейін қатысушылар диалог алаңына жиналды. Онда орта және шағын бизнес өкілдері мен бөлім басшылары төбе көрсетіп, олар кәсіптік оқыту жолдарын пысықтап, оны қалай дамыту турасында пайымды пікірлермен бөлісті. Ашық алаңдағы алғы сөзді колледж директоры Олжас Мұсақұлов алды.
– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – жұмыс беруші мен кадр дайындау сапасын арттыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ынтымақтастықты дамыту. Ел экономикасының іргесі саналатын қажетті жұмысшы орта буын мамандарын даярлайтын техникалық және кәсіптік білімнің деңгейін көтеру баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп оябы бөлек баяндамаларға кезек берді.
«Академиялық дербестік шеңбе­ріндегі кәсіпорындармен өзара іс-қимылдар жасаудың нормативтік құқықтық актілері» деген тақырыпта баяндама оқыған директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ержан Алибаев қазіргі таңда өзекті әрі қажет­ті мамандықтардың бірі саналатын ветеринария мамандығына тоқталды. Тоқталып қана қоймай, оқу орны шеңберінде анализ жасады. Ал білім ордасының әлеуметтік серіктестері туралы директордың өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Р.Ташыбаева сөз сөйлеп, «SV Agro», «Меркі ірімшік зауыты», «Шәушен» сынды ірі кәсіпорын­дар мен шаруа қожалықтар дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттерге барынша көмектесіп жатқандығын және дәл осындай нарық заманында бәсекеге қабілетті жас маман даярлау міндеті білім ордасының алдында тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, басшы орынбасары кәсіпорындармен байланыс орнату тиімді әдістердің бірі екендігін айтып, осыған сәйкес, колледж, студент, мекеме арасында 3 жақты дуалды келісімшарт түзілгенін жеткізді.
Конференция соңында жұмыс берушілер мен оқу орны арасында келіссөздер жүргізліп, «SV Agro», «Шәушен» сынды кәсіпорындарымен меморандумға қол қойылып, жетекші кәсіпорындарға Алғыс хат табысталды.

Балжан ЖЕҢІС.

Поделиться ссылкой: