Қоғамдық көлік келе жатыр

493 Views

Тақырыпқа арқау болған сөз тіркесін айтпағанымызға біраз болды-ау шамасы! Шатаспасам, көрші елден келген кесел ел аумағын жайлағанда «Құлан – Луговой» бағытындағы қоғамдық көлік легі кілт тоқтаған болатын. Содан бері аталмыш ауылдардың тұрғындары екі арада қатынау үшін жеке көліктерді қолдануға мәжбүр болды. Олардың да бағасы арзан емес. Жол ақысы әр адам басына – 150 теңге. Күндігіне бірнеше рет әрі-бері қатынайтын халық үшін әрине бұл қолайсыз. Сондықтан да халық тарапынан осы мәселе жиын сайын көтеріліп, өзекті тақырыпқа айналған болатын.

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің аудан тізгінін ұстағанына көп те болған жоқ. Көп болмаса да, шешіліп жатқан жұмыстар аз емес. Соның бірі – қоғамдық көлік мәселесі.
Күні кеше аудан орталығындағы алаңға 8 бірдей автокөлік қойылды. Жалпы автокөліктің сыйымдылығы 41 орындық болса, 25 адам емін-еркін отырып, қатынауға мүмкіндігі бар. Барлық автобустар Айтжан Жұмабеков басқаратын «Концерн – КазСтройСіty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Ендігі әрі олар ұзындығы 12 шақырымды құрайтын «Құлан – Луговой» аралығындағы жолда тұрғындарды тасымалдаумен айналысатын болады. Жолақысы айтарлықтай төмендетілген. Яғни, оқушыларға – 30 теңге болса, ересектерге – 60 теңге.

«Біздің ұжым бұрын оқушыларды тасымалдаумен айналысқан. Енді кәсібімізді кеңейту мақсатында аудан әкімдігі жариялаған байқауда бақ сынап көрдік. Бағымызға орай конкурсты жеңіп алдық. Ендігі мақсатымыз – халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету, – дейді Айтжан Жақсылықұлы. Серіктестік директорын сөзге тартып едік, ол тек тұрғындарға ғана емес, өз қызметкерлеріне де барынша жағдай жасауды көздейтінін айтып қалды. Айтжан Жақсылықұлының сөзіне сенсек, аталмыш көліктердің жүргізушілеріне жалақы ретінде ай сайын 200 000 теңге көлемінде қаржы төленеді екен.
Автокөлік жүргізушілеріне сәттілік тілеу және автобустың техникалық жағдайымен жақын танысу үшін аудан орталығына аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған әкімдік қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері де келді. Ернар Серікәліұлы бұл мәселе көптен бері өзекті тақырыпқа айналғанын, әсіресе, қатынаудағы қиындық оқушыларға айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатқанын тілге тиек етті. «Қазір Президент пәрмені аясында халықпен жиі кездесудеміз. Қоғамдық қабылдау кезінде құлан­дықтар мен луговойлықтар осы мәселені жиі көтереді. Өзекті мәселені оң шешу үшін бар күшімізді салдық. Сын сағатта қолдап, барынша қолдау көрсеткен серіктестік басшылығы мен ұжымына алғыс айтқым келеді. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын, – деп тілегін білдірді аудан басшысы.
Жиын барысында аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та сөз сөйлеп, тұралап қалған тірліктің қайта жанданғанына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: