Қасым-Жомарт Тоқаев: Халқымның сенімі – маған аманат

364 Views

Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң Қазақстан Республикасының Президенті келіп, мінберге көтерілді.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді:
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қа­зақстан Республикасының Конституциясы мен заң­­дарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!»
Сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне орай Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Ал «Ақорда» резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қа­зақстан Республикасы Президентінің куәлігін тап­­сырды.
Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне зор сенім артқан барша отандасына алғыс айтты.
– Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы қызметінің бір­қатар негізгі бағытын атап өтті. Мемлекет бас­шы­сының айтуынша, шынайы заң үс­тем­дігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке мен­шікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сы­байлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Еліміз даму жолында, негізінен, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар шетелден тікелей инвестиция тарта отырып, түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыра беретінін жет­кізді. Саяси жаңғыру үдерісі жоспарлы түрде жалғасады.
Ұлықтау рәсіміне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүше­лері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, ор­та­лық мемлекеттік басқару орган­дарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипло­матиялық өкілдіктердің басшы­лары, Президенттікке үміткер болғандар, саяси партиялардың басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: