Екі тауға ғашық болған…

412 Views

немесе Ләйліні іздеген Мәжнүндей

Тәліпбектің жасы биыл жетпіс алтыда. Оның жасындағылардың біразы таяқ ұстап, үйінен ұзап шыға алмай жүр. Ал, ол болса әлі сол Көкдөнентау мен Ерейментаудың арасын жол қылып, жортып жүр. Сонда қарт жүрегін сонау қияндағы Арқаға, ондағы Иманжүсіптей ақиық ақын жүрген Ақдін мен Күншалған, Бүркітті мен Сұңқарқия, Түндікжаппас тауларының қасиеті ме? Әлде, онда Тәкеңнің тағы бір қимасы бар ма?
Иманжүсіптей серіні Тәліпбек жүрсе-тұрса аузынан тастамайды. Бірде балуан әрі шайыр Иманжүсіп Нұралы ауылына атының басын бұрса керек. Сонда бір ару:
– Арқаның ардағысың Иманжүсіп,
Қырандай қалықтаған таудан түсіп,
Ақ үйде аққу жеңгең күтіп отыр,
Батыр қайным берер деп күбі пісіп, – десе керек.
Сол айтпақшы, Тәкеңді осыдан елу жыл бұрын Қараталда Ләйлідей боп табысқан Күлбағиласы күтетін шығар. Өйткені Луговойдағы техникумды тәмамдап, комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысына шептес жатқан «Ленинский» кеңшарының Қаратал бөлімшесінде мал дәрігері болып еңбек жолын бастағанда ол осында он бес жыл орнығып қаламын-ау, – деп ойламаған еді. Тәкеңнің үйлену тойы да осы Арқада өтті. Осы тойға оның жақын достары Жаңбыршы, Қамшыбек пен Тілеш те келді. Тәкеңнің екі ұл, екі қызы да осы Ерейментау жерінде дүниеге келді.
«Қаратал менің екінші үйімдей болып кетті. Қазина мен Батия апай­лардың ыстық алақаны мен қайырым­дылығы қандай еді, олар өз анамнан кем болған жоқ. Ал, Бағилашым шаңы­­рағымның шырайы еді-ау. Оның тұла бойындағы иман мен ина­батты­лық, «Есілдің еркелігіндей де, сабыр­лығы Ерейменнің биігіндей ме» деп қалатынмын. Ол кейін қайын жұртына келгенде де өзгерген жоқ. Бірақ, мені осы күнге дейін бір өкініш билейді. Айдың-күннің аманында жан жарымнан айырылып қалдым ғой. Жазмыш шығар…Содан бері мұңлық көңіл Ереймен мен Алатау арасын шарлап, бір байыз таппайды. Өйткені жаным жабырқаулы. Сүйіктіме арнап «Бағила әнім» деген ән жазғанмын. Тегі ақындық шабытым оянып:
Ереймен Алатаумен егіз бе едің,
Асқақтап, көкке өрлеп, жұбын жазбай.
Арқадан самал ессе сені іздеймін,
Айырылған сыңарынан аққу қаздай».
Тәліпбек Арқадағы ауылда жүргенде үйіне сазгер ағасы Мэлс Өзбеков келген. Ол келіні Бағилаға арнап ән шығарды. Осы әнді көкдөнендіктер әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Бәрін айт та, бірін айт, Тәліпбектің сонау Ерейментаудан бүкіл отбасын алып, үш доңғалақты мотоциклмен Көкдөненге келіп, одан соң Алматы мен Аягөз, Семей арқылы екі апта жол жүріп, Арқаға қайта баруы ерлікке лайық іс емес пе?
Иә, Тәліпбек Шақбаев алпыс төрт жыл ұдайы ауылшаруашылығы сала­сында еңбек етіп келеді. Ол қазір де ұлғайған жасына қарамай биллиард, дойбы, тіпті асық ойнап, облыстық спартакиадаларға қатысып жүр. Ал, Ерейменде жүргенде сол облыстың қой қырқудан үш дүркін чемпионы атанғаны тағы бар. Тәліпбек өзінің еңбек жолын туған ауылы Көкдөненде тракторист, электр монтер, мал дәрігері болып бастап, тың өлкесіне содан кейін барған. Ерейментау ауданында он бес жыл бас зоотехник, бас мал дәрігері болса, елге келген соң «Подгорный» астық кеңшарында бас маман бола жүріп, Америка азаматы Людвик Вольфтың ет өндіру технологиясын меңгеріп «Вольф-тек Инг» компаниясымен бірлесіп шұжық шығарды. Шұжық цехын басқарып, онда отандық өнімдер өндірудің нағыз шебері атанды. Кезінде оның осы еңбегін Елбасы жоғары бағалады. Назарбаев Құландағы шұжық цехына келіп, кәсіпкерлердің еңбегін өз көзімен көрді.
Тәліпбек Тұрар Рысқұлов ауданын­да мемлекеттік қызметте жүріп аудандық аумақтық инспекция басшы­сының орынбасары, «Шәушен» шаруа қожалығының бас мал дәрігері лауазымдарын мінсіз атқарып, аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Оның ұзақ жылдар бой­ғы атқарған қажырлы еңбегі атаусыз қалған жоқ. Т.Шақбаевтың есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» енген. Ол КСРО-ның «Еңбек Даңқы» меда­лімен, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің, облыстық аумақтық инспекциясының Құрмет грамоталарымен, «Респуб­ликалық ардагерлер ұйымының 30 жылдық» мерекелік медалімен, тағы да басқа көптеген наградалармен марапатталған.
Тәліпбек туралы оның ұстазы ветеринария ғылымдарының кандидаты Бармақ Орынбаев былай дейді: «Тәліп­бек өз ісін жете меңгерген білікті маман. Ол ғылым докторы Азиханов сынды ғалыммен бірге жұмыс істеп, Еділбай тұқымды қойлардың ауданымызда жерсініп, көбеюіне, жалпы ветеринария саласының дамуына айрықша үлес қосқан азамат» дейді.
Тәкең алпыс төрт жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Жуырда бізге Ақмола облысының Ерейментау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Абдиннен хат келді. Онда ол былай деп жазады: «Қазіргі Бұхар жырау ауданындағы бір ауыл сіздердің жерлестеріңіз Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Сайрамбай Дөненбаевтың ашқан шаруашылығы болып табы­лады. Егер Т.Шақбаев бұрын Ерей­мен­таудағы Қараталға еңбегі сіңсе, енді осы қожалықты көркейтіп жүр. Біз Арқадағы ардагерлер атынан Тұрар Рысқұлов ауданының жұртшылығына зор өтінішпен қайырылып отырмыз. Тәліпбек Шақбаев бауырымыздың біздің ауданға да, сіздерге сіңірген еңбегі өте зор. Сондықтан да ол ау­данның «Құрметті азаматы» атағына әбден лайықты азамат. Ол сіз­дердің сенімдеріңізді ақтайтынына кәміл сенімдіміз».
Расымен де бүкіл аудан жұртшылығы Тәліпбек Шақбаевты жақсы біледі. Сондықтан жұрттың өтініші орындалса нұр үстіне нұр болар еді.

С.Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ауданның «Құрметті азаматы».
Суретте: зейнеткер Тәліпбек Шақбаев.

Поделиться ссылкой: