Әкімшілік талап қою түрлерін білесіз бе?

94 Views

Әкімшілік істе талап қоюдың төрт түрі айқындалған. Олар – дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы талап қоюлар. Аталған талап қоюлар сотқа екі нысанда жазбаша және талап қоюшының немесе өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжатпен беріледі. Талап қоюда талап берілетін соттың атауы, талапкердің аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі болуы керек. Ал талап қоюшы заңды тұлға немесе өзге ұйым болса оның атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері, белгілі болған жағдайда жауап­кер туралы мәліметтер толық қамтылады.
Сонымен қатар, талап қоюшы онда жауапкер тарапынан өзінің құқықтары мен бостандығына, заңды мүддесіне нұқсан келгені немесе өзіне қандай да бір міндеттің заңсыз қолданылғаны жайлы пікірін білдіреді. Қа­жет болса мемлекеттік баж тө­леуді кейінге қалдыру, оны бөліп төлеу, төлеуден боса­ту, сот сараптамасын та­ғайындау, дәлелдемелерді талап ету, куәларды шақыру, талап қоюды қам­та­масыз ету туралы жаз­баша және басқа да өтініш хаттар бере алады. Бұған қоса ол талап қоюға не­гізделген мән-жай­лар­ды растайтын және өзі дербес бере алмайтын дәлелдемелерді ұсынады. Талап қоюға өзі немесе оған өкілеттігі бар өкілі қол қояды. Талап қоюға өзге құжаттар түпнұсқада, ондай мүмкіндік болмаса, заңда белгіленген тәртіппен олардың куәландырылған көшірмелері қоса тіркеледі. Олардың тізбесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 131-баптың 8-бө­лігінде көрсетілген.
Дау айту туралы талап қою заңдылығын түсіндіріп өтсек. 132-бапқа сай, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік акті талап қоюшының құқығы мен бос­тандығын, заңды мүддесін бұзса, ол актіні толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою туралы талап қоя алады.
Ал, мәжбүрлеу туралы та­лап қоюда талап қоюшы қабыл­дануынан бас тартылған немесе әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі сал­да­рынан қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуге құқылы. Мұндай жағдайда бас тартуға дау айту туралы жеке талап қажет етіл­мейді.
Әрекет жасау туралы талап қою 134-баппен нақтыланған, яғни, талап қоюшыға белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған әрекеттерден қалыс қалуды талап ету құқығы берілген. Әкімшілік акті заңмен белгіленген мерзімде емес, кейіннен қабылданған жағдайда оның кеш қабылданғанын растайтын құжатты алу үшін де әрекет ету туралы талап қойылуы мүмкін. Талапкер осы Кодекстің 132, 133 және 134-баптарына сай талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қаты­настың бар-жоқтығын тану туралы талап қоя алады. Сондай-ақ, ол бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды және осы қатынастарды қысқа мерзімде орнатуды талап етуге құқылы. Оның құқықтық қаты­настарды орнатуға мүдде­лілік танытуында қандай да бір құқықтық, моральдық немесе материалдық сипат болуы мүмкін. Мысалы, бұған мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу құқығын тану туралы дауды жатқызуға болады.
Талап қою мерзімдері жайлы айтар болсақ, дау айту, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар сотқа шағымды қарайтын органның шешімі табыс етілген күнмен есептегенде бір ай ішінде беріледі. Сотқа дейінгі тәртіп заңмен көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаған жағдайда, талап әкімшілік акт табыс етілген күннен немесе ӘРПК мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәр­тіппен хабардар етілген кезден бастап бір айдан кешіктірілмей қойылады.
Әрекет жасау туралы талап қою мерзімі адамға әрекеттің жасалғаны мәлім болған, сон­дай-ақ, әрекет жасау үшін заңмен белгіленген уақыт өткен соң бір айды қамтиды. Ал, тану туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған күнді қоса алғанда бес жыл ішінде беріледі.
Заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заң­сыз деп тану туралы талап осы акт арқылы құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған адамға ол белгілі болған күннен бастап үш айда мәлімделуі мүмкін.
Бұдан да өзге талап қою мерзімдері 136-баптың 4,5,6 бөліктерінде қарастырылған. Ескеретін бір жайт, талап қою мерзімі дәлелді себеппен өткізіп алынса, ол сотпен Аза­маттық процестік кодекстің қағидаларына сай қалпына кел­тіріледі. Сот оның өткізіліп алу себебі мен мәнін алдын ала тыңдауда анықтайды. Егер сотқа беруге арналған мерзім себепсіз өткізіліп алынса, сондай-ақ, оны қалпына келтіру мүмкін болмаса талап қою қайтарылады.

С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: