Әйел табысы – берекелі қоғамның негізі
Әйел табысы – берекелі қоғамның негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ қоғамындағы әйелдердің айрықша орнын әрдайым жоғары бағалап келеді. Расында да, қазақ әйелі – ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі. Олар тек ұрпақтың тәрбиешісі ғана емес, сонымен қатар қоғам мен саясатта, кәсіп пен басқару ісінде өз орнын айқындап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар.
Жақында аудан аумағында «Әйел табысы» кәсіпкерлік білім беру керуені ұйымдастырылды. Маңызы зор бұл іс-шара «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты, облыстық әйелдер күштері Альянсы, Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтті. Жиынға кәсіпкер әйелдер, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдерге сенім мен шабыт сыйлады.
Керуеннің басты мақсаты – ауыл әйелдерін кәсіпке тарту, олардың бойындағы әлеуетті ашу, жаңа мүмкіндіктерге жол көрсету. Іс-шара барысында әйелдерге облыстың барлық қаржы институттарынан келген білікті мамандар түрлі мемлекеттік гранттар мен бағдарламалар, бизнес-жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жөнінде кеңінен түсіндіріп, нақты бағыт-бағдар берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсібін дамыту жолдары бойынша жан-жақты жауап алды. Жиынға келген қыз-келіншектердің белсенділігі ерекше байқалды. Олардың көпшілігі өз кәсібін бастауға деген зор қызығушылықтарын білдіріп, алдағы уақытта кәсіп ашып, оны табысты түрде дамытуға бел буып отырғандарын жеткізді. Айта кету керек, өткен жылы бұл керуен 4 ауданды қамтып, 120-дан астам қыз-келіншекті кәсіпкерлікке баулыған. Ал биылғы игі іс өз бастауын дәл біздің ауданнан алып отыр. Бұл – өңіріміздегі әйелдерге көрсетілген зор сенім мен үлкен мүмкіндік.
«Құлан медиа» ақпарат.
