Ойын ойнап, ән салмай, Өсер бала бола ма?..

835 Views

Тақырыпқа арқау болған Абай атамыздың сөзінде үлкен мән-мағына жатыр. Расында, «ойын» баланың өмірінде ерекше орын алады. Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытатын да, оқу мен білімнің, тәрбиенің негізі болып табылатын да ойын әрекеті. Балалардың креативтілік қабілетін анықтап әрі оны дамытуға арналған жұмыстарды үйлесімді ұйымдастыру балабақша тәрбиешісінің басты міндеті болып табылады.
Жақында «Бәйшешек» бөбекжай-бақшасының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі мекеме қызмет­кер­лерінің аудандық семинары өтті. Жиын «Мектепке дейінгі ұйым балаларының интеллектуалдық және креативтілік потенциалын дамыту жолдары» тақырыбы аясында өрбіді. Семинарға аудандық білім бөлімінің әдіскері Бота Бакеева, «Бәйшешек» балабақшасының құрылуына себепкер болған ардагер-ұстаз Шахан апай, «Балбөбек» бала­бақшасының меңгерушісі Эльмира Әлімбаева және мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері қатысты. Аудандық семинарды аудандық бі­лім бөлімінің әдіскері Бота Бакее­ва сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң балабақшаның психологы қонақ­тармен «сәлемдесу» мақсатында пси­хологиялық тренинг жүргізіп, қо­нақ­тардың көңіл-күйін көтерді. Бағдарламаға сәйкес, аталмыш семинар «Теориялық» және «Практикалық» деп екі бөлімге бөлінді. Теориялық бөлім барысында «Бәйшешек» бө­бек­жай-бақшасында балалардың интеллектуалдық және креативтілік потенциалын дамыту жолдарында жүр­гізілген жұмыстар туралы баяндама оқылды. Практикалық бөлім мектепалды және ересек топтардың қатысуымен «интеллектуалдық ойын» түрінде өтті. Алдымен мектепалды «Балауса» тобының «Білім бәйгесі!» деп аталатын ойынына қатыстық. Ойын барысында балалардың жылдам ойлауын, ізденімпаздығын, бәсекеге деген қабілетін байқадық. «Айгөлек» ересек тобының «Ойна да, ойла» атты интеллектуалдық ойынында, балалардың креативтілік және ұйымшылдық қабілеттерінің басым болғанын көрдік. Әр топтың өз ерекшелігі, ойынға қойған мақсаты болды. Ойынды ұйымдастырған тәрбиешілердің өз мақсаттарына жеткеніне сенімдіміз.
«Бәйшешек» бөбекжай-бақшасы ұйымдастырған аудандық семинардың соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Тәтті дауыстарымен ән шырқап, мың бұрала билеген балалардың өнері көптің көңілінен шықты. Қорытынды бөлімде балабақша меңгерушісі Қаламқас Қорымбаева қонақтарға алғыс білдіріп, сөз кезегін мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне табыстады. Басқа балабақшалардан қонақ болып келген тәрбиешілер семинарға қатысты өз ойларымен, ұсыныстарымен бөлісіп, балабақшаның барша қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Ғазиза Асқар.

Поделиться ссылкой: