Үздіктер қатарынан көрінді

457 Views

Өткен аптада елордада алғаш рет «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғы­рына» атты ауылдық спорт нұсқаушыларының I конференциясы өтті. Кездесуде мамандар ауыл спортын дамыту және жергілікті жерлерде озық тәжірибе ұсыну, балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық және аудандық, ауыларалық жарыстар өткізу, жаңа спорт нысандарын ашу, еңбекақыны көтеру сияқты салаға қатысты мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.
Айта кетейік, дәл қазір ауылдық жерлердегі спорт мектептерінде білім алатын 257 749 бала мен жасөспірімді, спорттық клубтарға баратын тағы 15 322 жасөспірімді, түрлі спорттық секциялармен қамтылған 40 578 баланы және білім беру ұйымдарындағы 32 812 студентті 4 мыңнан астам жаттықтырушы тәрбиелеуде. 

Сондай-ақ, бұдан бөлек ауылдарда 3 мыңнан астам спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Соның бірі – Сержан Баденов.
Құмарық ауылының тұрғыны Сержан бүгінде аталмыш ауылда спорт нұсқаушы болып қызмет атқарады. Оған ауыл жастары мен ақсақалдарын спортқа баулу жүктелген. Сонымен қатар ол мүмкіндігі шектеулі азаматтармен де бірге жұмыс жасауды өзінің тікелей міндеті деп санайды. Тілге тиек ете кетейік, Сержанның баста­масымен ауылда асарлату салты арқылы біраз баянды бастамалар басталып, өз мәресіне жеткен. Дене шынықтыру және шағын футбол алаңы да Сержан мен ауыл жастарының, жомарт жандардың арқасында бой көтеріп отыр. Осы белсенділігін тиісті бағалаған болуы керек. Өт­кен аптада Сержанды Мәдениет және спорт министрі арнайы шақырып, марапаттады. Дәурен Абаев жерлесімізге жыл қорытындысы бойынша «ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛДЫҚ СПОРТ НҰС­ҚАУШЫСЫ» деген мара­пат­ты табыстады.
Үздіктер қатарынан көрінген жерлесімізді жеткен жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: