Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
«Уақыт – зымыран» деген рас екен. Баягизов Қуат Маратбекұлының өмірден озғанына 1 жыл 3 айдың жүзі болыпты. Осындайда дана Абайдың «Адам – бүгін адам, ертең – топырақ» деген ұлағатты сөзінің қадірін ұғасың. Қуат Маратбекұлы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде көптеген жылдар бойы дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Талай шәкірттің томағасын сыпырып, спортқа баулыды. Оның шәкірттері, аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрді. Өте еңбекқор азамат болатын.Талмай еңбектенгенінің арқасында ұжымға сыйлы бола білді. Әттең, мезгілсіз өмірден өтіп кетті. Әйтпесе, осыншалық тәжірибесімен бергенінен, берері көп азамат еді.
Жақында Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің ұстаздары ұжымға сыйлы бола білген әріптестері Баягизов Қуат Маратбекұлын еске алып, волейболдан аудандық жарыс ұйымдастырды. Жарысқа Қуат Баягизовтың құрдастары, достары, жекжаттары демеушілік жасады. Жарыстың ашылу салтанатында Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің директоры Серік Айтбаев сөз сөйлеп, білімді әрі білікті, айтқан уәдесін екі етпейтін, өзінің еңбекқорлығының арқасында көптеген оқушының талабын шыңдап, спортқа баулыған Қуат Маратбекұлының адами болмысы жайлы оябы бөлек сөздер айтты. Аудандық бұқаралық іс-шараларды дамыту орталығының директоры Жанат Бағылбеков те Қуат Маратбекұлының білікті ұстаз болғандығын айтты. Марқұм ұстаздың әкесі Маратбек Баягизов пен ардагер ұстаз Абай Жаппасбаевтың сөйлеген сөзі жиылған жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Қуат Маратбекұлының бауыры Бағдат Баягизов пен құрдасы Айдос Амреев те сөз сөйлеп, осы жарысты ұйымдастырып отырған әріптестеріне ризашылықтарын жеткізді.
Содан кейін жарыс басталды. Өте тартысқа толы болған жарыс қорытындысында жүлделі төртінші орынға Құлан мектеп-гимназиясының командасы ие болды. Жүлделі үшінші орынды Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің командасы иеленсе, жүлделі екінші орынды Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің командасы еншіледі. Ал, жүлделі бірінші орынды Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар, мақтау грамоталары, сондай-ақ, бағалы сыйлықтармен қоса үздік деп танылған ойыншылар мен командаларға ақшалай жүлде табыс етілді.
Марат Аятберген.