Футболшыларымыз тағы да ұпай бөлісті

781 Views

Футболшыларымыз тағы да ұпай бөлісті

Болгар маманы Станимир Стойловтан тәлім алатын Қазақстан құрамасының футболшылары ұлттар лигасының үшінші кездесуінде сырт алаңда Латвия құрамасының жігіттерін жеңе алмады. Адалын айтайық, бұл матч біздің құрама үшін аса маңызды болатын. Себебі, латвиялықтарды жеңген күнде топтың үздігі болып тұрған Грузияға бір табан жақындай түсіп, турнирдің екінші сатысына тұрақтайтын едік. Алайда, ойын 1:1 есебімен тең аяқталып, қос қарсыластың ұпай бөлісуіне тура келді. «Тараз» футбол клубының түлегі Бақтиор Зайнутдинов ойынның 16-минутында есеп ашқанда үш ұпай қоржында болатынына барша отандастарымыз еш күмән келтірмеген еді. Жігіттердің ойын мәнеріне қарап, есеп мұнымен шектеліп қалмайтынына да іштей сенім білдірдік. Өкінішке орай, ел футболшыларымен жақсы таныс, қазіргі таңда Оралдың «Ақжайығында» доп теуіп жүрген Артурас Карашаускас ойынның 40-минутында Ненад Эрич қорғаған қақпаға гол соғып кетті. Екінші таймда Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат сынды футболшыларымыздан көп үміт күттік. Өйткені, осыдан 3 жыл бұрын Юрий Красножанның жетекшілігімен біздің футболшылар латвиялықтарды 2:1 есебімен жеңген болатын. Жеңіс голын Исламбек Қуат соғып, жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналғаны есімізде. Латвияда ұлттық құрама жігіттері барын салып ойнады. Дегенмен, нәтиже тең. Айта кетейік, Андорраны 3:0 есебімен тізе бүктірген грузиялықтар көш тізгінін жеке дара бастап тұр. Төртінші кездесуін Қазақстан құрамасы 16 қазан күні өз елімізде Андорра елінің футболшыларымен өткізеді.

ҚЫРҒЫЗДАР ЛЕНАНЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫНА ТӘНТІ БОЛДЫ

Жақында әйгілі жеңіл атлет, жүгіруден Сеул олимпиадасында командалас құрбыларымен бірге әлемдік рекорд орнатып, олимп шыңын бағындырған Мария Пинигинаның есімін жастарға насихаттау мақсатында Бішкек қаласында халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Оқушылар арасында өткен осынау халықаралық додаға жерлесіміз Елена Хуголь қатысып, жүлделі II орынды иеленді. 400 метр қашықтықта өзінің мықтылығын көрсеткен Лена қыз Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Аталмыш білім ошағындағы денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Жүніс Бектемишов пен Светлана Скребецтен тәлім алатын желаяқ бойжеткен мәре сызығын 56,2 секундта жүгіріп өткен. Бұл Елена үшін жақсы көрсеткіш. Қатарластарының алды болып, тұғыр биігінен көріне білген Ленаға алдағы жарыстарда сәттілік жолдас болсын дейміз.

ОҚУШЫЛАР ЖАРАП ТҰР

Таяуда Тараз қаласында облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған жүгіру жарысында да Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп оқушылары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, Бекзат Әшірбай 500 метр қашықтықта үздіктердің үздігі атанса, Саламат Әшім, Сабина Есенова, Айым Әбілдабекова және Нұржігіт Көкталов сынды жүгіру шеберлері өзге қашықтықта жүлделі болды. Аты аталған оқушылар облыстық жарыста жүлделі III орынды өз қанжығаларына жазды.

Топтаманы дайындаған Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: