Ержетіміз ерледі

368 Views

Алматы қаласындағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының VI Жазғы спартакиадасы өтіп жатыр. Оны «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирден көрсетуде. Аталмыш спартакиадағы балуандар бәсекесін грек-рим күресінің шеберлері бастаған болатын. Көп ұзамай Алматыдан қуанышты хабар да жетті. Осынау айтулы жарыста 63 келі салмақ дәрежесінде Жамбыл облысының намысын қорғаған жүректі балуан, жерлесіміз Ержет Жарылқасын күміс медальға ие болды. Ержетті кезекті марапатымен құттықтаймыз. Жерлесіміз тек финалда ғана сүрініп, шымкенттік қарсыласына есе жіберді. Айта кетейік, бұған дейін де Ержет Жарылқасын Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде еншілеп, өзінің мықты балуан екенін дәлелдеген болатын.

АРДАГЕРЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ

Жалпы соңғы кездері аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген бастамалар қолға алынуда. Бұл бағытта тек жастарды ғана емес, ардагерлерді оған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да тарту қалыпты үрдіске айналған. Оны біз соңғы кездері ұйымдастырылып жүрген ілкімді іс-шаралардан анық аңғарып жүрміз.

Дәл осындай шарапаты мол шаралардың бірі өткен аптаның сенбісінде аудан орталығында орналасқан спорт кешенінде өтті. Аталмыш дода аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылды. Шараға әрбір округтен ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысып, олар шахматтан өткен тартысты турнирдің көркін қыздырды.
Жарыс ұйымдастырушылары Ануар Әбілдаев пен Мейірбек Айсұлтанның айтуынша, аталмыш бәсеке облыстық турнирге іріктеу үшін және ауданның 85 жылдығына орай өткізіліп отыр екен. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды құландық Дос Алдияров еншілесе, жүлделі ІІ орынды көкдөнендік Оразалы Кылышев қанжығасына байлады. Ал үздік үштікті тағы бір құландық азамат Сағынғали Рахметов түйіндеді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен тартысты бәсекенің қорытындысы.
Ал ардагерлер арасында өткен жарыста І орын құландық Серік Райымқұловқа бұйырды. Екінші орынды да құландық азамат Төлеген Ауелов иемдесе, Құмарық ауылының намысын қорғап келген ардагер Нұрғали Мәткерімов үздіктер қатарын толықтырып, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.
Жүлдегерлердің барлығы мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жаңаөзендегі жеңіс

Қарақыстақ ауылдық округі құдды бір күрес шеберлерін дайындайтын шеберханаға айналғандай. Ислам Байрамуков, Әділет Дауланбаев, Елдос Сметов сынды саңлақтар аты аталған ауылдық округтен шыққан сайыпқырандар. Ауылда спорт кешені болмаса да бүгінгі жас өрендер алдыңғы аға буынның салған сара жолын сенімді түрде жалғап келеді. Солардың бірі – Бақдәулет Серік пен Нұрислам Макаев.

Бақдәулет – боз кілемде еркін көсілетін спортшылардың бірі. Есім-сойы көпшілікке белгілі бапкер Исмаил Бостановтан тәлім алатын спортшы жастығына қарамастан, бүгінде еркін күрестен «Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер» разрядының иегері. Ол жуырда ғана Жаңаөзен қаласында өткен байрақты бәсекеде осы атаққа лайық екенін тағы да бір дәлелдеді.
Серік Бақдәулет еркін күрестен спорт ардагерлері, белгілі жаттықтырушылар Қайрат Бисембайұлы Жолдасов пен Мавлудин Абдуселимұлы Гасанбековты еске алуға арналған ІХ республикалық турнирде 29 келі салмақта бақ сынап, ІІ орын иегері атанды. Ал Нұрислам Макаев болса аталмыш дүбірлі доданың бас жүлдесін жеңіп алып, ауылдастарының ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, Жаңаөзенде өткен жарысқа Исмаил бапкер бірден он екі шәкіртін апарған.
Жуырда оларды Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев бастаған бірқатар ауыл тұрғындары Түрксіб вокзалынан кү­тіп алып, жас спортшыларға үлкен құрмет көрсетті.

ОБЛЫСТЫҚ ДОДАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Спорттың сан түрі бар. Бірақ, мінбенің биік тұғырынан көріну әрбір спортшының ортақ арманы. Біздің өңірде бұл саланың бокс, күрес сынды түрлері жақсы дамыған. Сонымен қатар, киелі Құлан өлкесінде басқа да спорт түрлері нық қадаммен қарыштап дамып келеді. Мәселен, соның бірі – шахмат.

Шахмат – адамның ақыл-ой ұш­қырлығын талап ететін ойын түрі. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үн­дістандық математик ойлап тауып­ты. Ал кейбір деректер бойын­ша шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған деседі. Ғасырлар бойы әлемге аса танымал болған спорт түрін біздің ауданның оқушылары да мықтап меңгерген. Жуырда аудан аумағында ауыз тол­ты­рып айтарлықтай сұранысқа ие болып келе жатқан ойын түрінен жарыс ұйымдастырылды. Айта кетейік, аталмыш турнир аудандық білім бөлімінің тапсырмасына сәйкес, «Ұлттық мектеп лигасы» бағ­дар­ла­масының аясында өткізілді.
Турнир қорытындысына келер бол­сақ, 5-6 сынып оқушылары арасында өткен жарыста бас-аяғы 13 мектептің құрамасы бақ сынаған. Нәтижесінде І орынды Сейілжан Әкімбеков жат­тықтыратын Әлихан Бөкейханов атын­дағы орта мектептің оқушылары иемденсе, екінші орынды Ақбұлақ орта мектебінің мұғалімі Ниязбек Қайыповтың шәкірттері жеңіп алған. Ал үшінші орын Максим Горький атындағы орта мектептің оқушыларына бұйырған.
7-8 сынып оқушылары арасында өткен жарыс та тартысқа толы болды. 11 мектеп бақ сынаған турнирде І орынды Ақбұлақ орта мектебі алса, екінші орын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің шәкірттеріне бұйырған. Ал үздік үштікті Әлихан Бөкейханов атын­дағы мектептің оқушылары түйін­деген.
9-11 сынып аралығында ІІІ орын Жамбыл орта мектебіне бұйырса, екінші орынды №1 мектеп-лицейінің оқушылары қанжығасына байлаған. Ал жүлделі бірінші орынды Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алды.
Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық додаға жолдама алған оқушыларды шын жүректен құттықтаймыз.

Топтаманы дайындаған Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: