Су тасқыны кезінде инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында халыққа берілетін ұсыныс
Су тасқыны үйлерді, шаруашылық фермаларды су басуы мен мүліктердің жарамсыз болуымен ғана қауіпті емес, сонымен қатар дизентерия, іш тифі, А және В паратифі, тырысқақ, ротавирусты инфекциялар сияқты ішек инфекцияларының қолайсыз эпидемиялық жағдайларының өршуіне де әкеліп соқтырады. Су тасқыны кезінде құдықтар мен ұңғымалардағы сулар дәретханалар мен қазылған шұңқырлардағы тастандылармен ластанады. Көптеген ауруларды тасымалдайтын кеміргіштер су тасқынынан сақтану мақсатында тұрғын үйлер мен ғимараттарға енуінен адамдардың инфекциялық және паразитарлық ауруларды жұқтыру қауіпі ұлғаяды.
Су тасқыны кезінде инфекциялық және паразитарлық аурулардан сақтану үшін қарапайым әрі тиімді қағидаларды ұстану керек, олар:
• аула мен тұрғын бөлмелерді тазалықта ұстау;
• үйлерді қардың еріген сулары басып кеткен жағдайда жуу – жинау кезінде зарарсыздандыру құралдарын қолдану керек. Зарарсыздандыру құралдарын нұсқаулыққа сәйкес пайдалану;
• аумақты үйдің ішін тазалау кезінде қорғағыш қолғап қолдану;
• ауыз су ретінде қайнатылған немесе бөтелденген суды пайдалану;
• қазылған шұңқырлардағы тастандыларды уақтылы тазарту;
• жеке бас гигиенасын сақтау, әсіресе кішкентай балалардың күтімінде (дәретханадан кейін, жануарлармен қатынаста болғаннан соң, тағам дайындар алдында және қабылдар кезде қолды сабынмен жақсылап жуу);
Жіті инфекциялық аурулардың белгілері туындаған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, құсық пен сұйық нәжіс және т.б. болғанда) тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, өзіңізді өзіңіз емдеуге болмайды.
С.Ускенбаев,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.