ЖРВИ және ТҰМАУ

582 Views

ЖРВИ және тұмау – кез келген адамның өмірінде кездесетін ауру. Кейбір адамдар бұл аурудың қауіптілігін елемейді.
Тұмау дегеніміз не?
Тұмау – бұл тыныс алу жүйесін зақымдайтын жедел вирустық ауру. Тұмау ЖРА – жедел респираторлы аурулардың, дәлірек айтсақ, ЖРВИ – жедел респираторлық вирустық инфекциялардың санатына кіреді.
Тұмау иммунитеттің әлсіреуі мен салқын тиюден пайда болмайды, оған ерекше вирус – тұмау вирусы себепкер болып табылады.
Қалай жұғады?
Тұмаудың жұқтыру көзі ауру адам және сирек жағдайларда ғана шошқалар мен құстар сияқты кейбір жануарлар болып табылады.
Тұмау – ауа тамшы жолдары арқы­лы жұғады. Науқас адам тыныс алғанда, жөтелгенде, түшкіргенде, ауаға тарайтын қақырық пен мұрыннан бөлінген шырыштан айналаға вирустар тарайды. Сау адам ағзасына сол вирус­тар енеді.
Тұмаудың белгілері қандай?
Жасырын, инкубациялық кезең – 5 — 6 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады. Осы уақыттың аралығында вирус ауыз бен мұрынның шырышты қабықтары арқылы ағзаға еніп үлгереді. Мынадай белгілер пайда болады:
1. Тұмау, мұрынның бітелуі, түшкіру, тамақтың жыбырлауы сияқты аурудың бастапқы белгілері.
2. Әлсіздік, сырқырап ауыру.
3. Аурудың алғашқы сағаттарында температура көтеріледі. Тұмауға 40°С дейін және тіпті одан да жоғары температуралық қызба тән.
4. Кейінірек өнімсіз, құрғақ жөтел пайда болады, ол бірте-бірте ылғалды, қақырық бөлінетін жөтелге айналады.
Тұмаудың асқынулары
Тұмау – өздігінен жағымсыз ауру, дегенмен оның иммундық жүйесі әлсіз қарт адамдар мен балалар емделмегенде немесе сәйкессіз ем қолданғанда, режим бұзылған кезде дамитын асқынулары өте қауіпті.
1. Бронх қабынуы: ауру басталғаннан кейінгі бір аптаның ішінде жөтел басыла қоймайды, көп мөлшерде іріңді (сары, жасыл, сұр) қақырық бөлінеді.
2. Пневмония – вирус пен зақым­далған шырышты қабық арқылы кір­ген бактериялардың салдарынан туын­даған өкпесінің қабынуы. Сыр­қат азапты жөтелмен, науқастың жалпы жағдайының нашарлауымен, температурасының көтерілуімен сипатталады.
3. Менингит және энцефалит – ми мен ми қабығының ауыр қабыну аурулары. Ауру көбінесе балаларға тән, ересектерде мұндай асқынулар өте сирек дамиды. Селкілдек ұстамалар – орталық жүйке жүйесінің зақымдануының бел­гісі болуы мүмкін.
Тұмаудың алдын алу
Тұмаудың алдын алу пайда болған ауруды емдеуге қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Тұмаудың алдын алуға бағыт­талған шараларды жыл бойы сақтаған жөн: дұрыс тамақтану, шынығу, имму­ни­тетті арттырып, тұмауға қарсы тұру­дың оңтайлы амалдары.
Вакциналау – тұмаудың алдын алу­дың негізгі медициналық әдісі. Вакцинаны індет басталғанға дейін 1-3 ай бұрын егеді. Полидәрумендер мен С дәруменін қабылдау керек. Мұрынды шаю – әсіресе жұмыстан, мектептен, қоғамдық көліктерден шыққаннан кейін мұрынды жуып-шаю – аса ма­ңызды. Індет кезінде адамдар көп шоғырланатын жерлерден аулақ болу керек. Үйді үнемі ыл­ғал­ды тазалап отыру қажет.
Алайда, күз бен қыс мезгілдерінің басталуынан қорқып, үрейленбеңіздер. Салауатты өмір салты тұмаудың алдын алуға көмектеседі. Дендеріңіз сау бол­сын!

Гауһар Сәрсенбек,
ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы»
ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының
Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің дәрігері.

Поделиться ссылкой: