Бір кем дүние

448 Views

Шерхан Мұртаза Қазақстанның халық жазушысы.
Парламент Мәжілісінде депутат та болды. Еліміздің белді-белді газеттерінде
бас редактор болған аңыз адам.

Жайнамаз

Әкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемi гүлдерi жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi.
Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi болып қалған кiрпiштерiнiң үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.
Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк «халық жауы» ретiнде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сiрә, желтоқсан айы едi.
НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бәрi есiмде. Тiнткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi тұрған жайнамазды жазып көрдi де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр едi», – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды…
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп, Кереку қаласына барып, мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тәңiрi жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм Мұртазаның әруағы сездi ме… бiлмеймiн.
Бiр кем дүние.

Наполеон мақтаншақ па?
«Құдай қанша жасаса, менің есімім де сонша жасайды», – депті Наполеон І.
Наполеон үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер тіреп, даңқы әлемді тітірентіп тұрғанда, қыз құрып қалғандай, Жозефина деген жесір әйелге үйленіпті. Бұрынғы байынан туған Евгений деген ер жетіп қалған ұл бар екен. Өгей баланы Наполеон өзі бағындырып алған бір мемлекетке патша қылып жіберіпті. Өгей бала: «Әке, мені қоластымдағылар тегіс жақсы көреді», – деп Наполеонға хат жазыпты.
Сонда Наполеон:
– Е, балақай, онда патшалығыңның жолы болмаған екен, – депті дейді.
Сөйткен Бонапарт Ватерлоо деген жерде ағылшындардан күйрей жеңіліп, қолға түсіп, Қасиетті Елена атты аралда тұтқында тұрып, рак ауруына ұшырайды. Сонда айтты дейді.
– Рак – менің ішіме түсіп кеткен Ватерлоо, – деп.
Наполеонның табыты Парижде, «Мүгедектер үйінде» жатыр.
Оны көру үшін еңкейіп, құдықтың түбіне үңілуің керек.
Өлгеннен кейін де адамдарға бас идіріп қойғаны ғой…
«Құдай қанша жасаса, менің есімім де сонша жасайды» дегені осы ма? Сірә, данышпан шығар?..
Қайтсе де, бір кем дүние.

Ағару
Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.
Сөйте -сөйте… Сүйек те ағарады-ау…
Несіне тырбаңдаймыз.
Бәрі де өтеді.
Өтпейтін тек уақыт қана.
Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.
Ал уақыттың басы да жоқ, аяғы да жоқ.
Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөнтке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.
Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.
Бәрін бір Алла біледі.
Алла білімі шексіз.
Білімі шектеулі адамдар.
Бір кем дүние.

Қазақ көп пе, аз ба?
Алыптардың бiреуi Ғабит Мүсiрепов айтты:
– «Бiз жиылсақ – көппiз, жайылсақ – жоқпыз», – деп.
– «Бiз мына кең далаға сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрмiз», – деп.
Соңғы санақ бойынша 8 миллионның ар жақ-бер жағы. Содан берi, бәлкiм, 9 миллион болған шығармыз. Шет елдерде, шамада, 5 миллион бар дейiк.
Шығыстағы айдаһар елi – 2,5 миллиард. Батыс пен терiстiктегi Аю елi – 150 миллион.
Тiптi iргемiздегi өзбектер 20 миллионнан артықпыз деп мақтанады.
Ғасырлар бойы соғыс-сойқан, ашаршылық, жоңғарлар, патшалар, Сталин, Голощекин, Хрущев…
Қытай көптiгiнен бала тууды шектейдi. Бiз неменеге жетiсiп шектеймiз?! Бiздiң ханымдар бiр-екi баламен қақайып қалады. Үкiмет көп баланы лайықтап қолдамайды. Тiптi халқы көп деген Ресейдiң өзi көп балалыларды қошеметтеп, көмектесiп жатыр.
«Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды» деушi едi. Алла өзi жар болсын!
Бiр кем дүние.
Арша бесік
Ұлы Мұхтар Әуезов: «Бесігіңді түзе!» – деді.
Ел болу үшін, ұлт болу үшін, ұлы болу үшін ә дегенде бесігіңді түзе.
Әуелгі тәрбиенің анасы – бесік, әрі-беріден кейін, бесік ананың құрсағынан басталады. Америкалық атақты биші Айседора Дункан:
– Мен билеуді анамның құрсағында жатқанда үйрендім, – дейді екен.
Өйткені анасы шампан ішуге құмар екен. Шампанның уыты құрсақта жатқан сәбиге де әсер еткен ғой.
Мұхаң айтқан «бесігіңді түзе» деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі – бесік ағашының таза, сапалы болуы. Ал сапалы бесік – арша ағашынан жасалған бесік.
Арша – аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны – оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды. Түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамық, қара шешек сияқты бәлелі аурулар дарымайды.
Мен туған 1932 жылы сәбилер қара шешектен қынадай қырылды. Бұған алдымен Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған геноциді, ашаршылығы, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия саясаты себеп болды.
Алланың құдіреті екен, жарық дүниеде тататын дәм-тұзым бар екен, сол қырғыннан мен аман қалыппын.
Кім біледі, мені ажалдан арашалап қалған арша бесік шығар.
Бірақ арша бесік жұрттың бәрінде болмаған да шығар.
Шамаң жетсе, арша бесік тап. Аршаны көп өсір. Тұқымын құрта берме. Арша бесікке құт құйылады.
Шіркін, сол арша бесікке бөленетін нәресте көп болса ғой.
Әй, бірақ аз ғой.
Бір кем дүние. Зор кем…

Жаңғақтың қабығы қатты…
Жаңғақ ағашын әдетте қарт кісілер тігеді. Жастар отырғызбайды. Ырым солай.
Жаңғақ ағашын отырғызып жатқан қарт кісіден біреу:
– Оу, оны несіне отырғызасыз? Енді елу жылдан кейін жеміс береді екен. Оны бәрібір сіз жемейсіз ғой, – депті.
Қария кісінің жауабы:
– Бұдан жүз жыл бұрын өткендер тігіп кеткен жаңғақтың жемісін жеп жүрмін ғой. Енді елу жылдан кейін немере, шөберелеріме керек емес пе?! – деген екен.
Ал енді жаңғақтың қабығы қатты, дәнегі тәтті ғой.
Кейбіреулер немере, шөберелері тұрмақ, жалғыз-жарым баладан басқа ұрпақ көрмейді. Онда болашақ бар ма? Оның өз қамын ойлаған өгізден несі артық?
Бір кем дүние.

Бәрі Бельгерше білсе…
Бір тойда мен былай деп сөйледім:
– «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді…».
Өкінішті-ақ, Бельгерлер некен-саяқ. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер көп. Сол жаман және бұған көнбіс, құлақ кесті құлдар қазақта көп. Сол жаман. Бұл бәрінен де жаман.
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: