Қорағатыға жедел жәрдем көлігі, Қызылшаруаға мәдениет үйі, Р.сәбденовке көше жолы қажет
Өткен жұмада аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған №826 Жарлықта көрсетілген тапсырманы орындау мақсатында кезекті рет аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл жолы аудан басшысы шалғайда жатқан Қорағаты және Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
Ернар Серікәліұлы ең алдымен Бақытбек Аблазимов жетекшілік ететін, құрамына бес бірдей елді мекен кіретін Қорағаты ауылдық округіне барды. Аталмыш ауылда орналасқан білім ордасының акт залына жиналған жұртқа өткен жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, қысқаша баяндама да жасады.
– Өткен жылы аудан аумағында көптеген бастамалар қолға алынып, олар сәтті жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, инвестиция тарту, құрылыс сынды салаларда алға жылжу бар. Мәселен, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша іске асырылған жұмыстар өте көп. Соның бірі – қайтарымсыз грант. Өткен жылы аталмыш мемлекеттік бағдарламаның шарапатына 182 адам бөленіп, оған бюджеттен 222,9 млн. теңге қарастырылды. 182 адамның ішінде, 128-і жастар болса, 26-сы көпбалалы отбасы мүшелері. Сондай-ақ, қайтарымсыз грант 14 мүмкіндігі шектеулі азаматқа және 9 мүгедек баланы асыраушы жанұяларға үлестірілді. Айта кетейік, 182 адамның 105-і мал шаруашылығын, 5-еуі құс шаруашылығын дамытуды көздеп, бизнес-жобасын сол салаларға бағыттады. Құс шаруашылығы демекші! Жуырда біздің ауданға елімізге белгілі «Алель Агро» құс фабрикасының ресми өкілдері де келіп, кәсіпкерлермен кездесіп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Күні кеше ғана біздің бірқатар кәсіпкерлеріміз аталмыш кәсіпорынға экскурсия жасап, ортақ келісімге келген секілді. Бұл – аудан тұрғындарының табысын арттыруға, жастарды жұмыспен қамтуға ауыз толтырып айтарлықтай сеп болмақ.
Бүгінде аудан жастарын жұмыспен қамту, оларға тегін білім беру – басты назарда. Бұл тұрғыда да өте өзекті мәселелерді алға қойып, тұралап тұрған жұмыстарды қайта жандандырып жатырмыз. Соның бірі – үш жақты келісім. Жуырда ғана біз аудандағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде үлкен форматта жиын өткіздік. Онда аудан әкімдігі, аталмыш оқу ордасы және жұмыс берушілер ортақ меморандумға қол қойып, келісімге келді. Шыны керек, материалдық базасы мықтап дамыған оқу ордасында сапалы білім алуға барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Бірақ, дәл қазір онда 550-ден астам білімгер ғана дәріс алуда. Әрине бір жылда 1900-ге жуық білімгерді оқыта алатын мекеме үшін бұл өте аз. Сондықтан да алдағы уақытта білім алушылардың санын арттыру жұмыстарын қазірден бастап отырмыз, – деп өзге де салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, Қорағаты ауылдық округінде іске асырылатын жұмыстарды да тізбектеп берді.
– Биыл Қорағаты ауылдық округіне бөлінген бюджетті біз біршама ұлғайтып отырмыз. Яғни, биыл ауылдық округ үшін 42,2 млн. теңге көлемінде қаражат бөлдік. Ол Сейдуалы, Құрманғазы, М.Әуезов көшелерінің жолын жөндеуге, Қорағаты станциясында 10 келушіге арналған ФАП салу үшін жобалық сметалық құжатты дайындауға, елді мекендерді сумен жабдықтауға, көше жарығын орнатуға жұмсалатын болады. Міне, құрметті Қорағаты ауылының тұрғындары біздің қысқаша баяндамамыз осындай. Кездесуіміз бір жақты болмас үшін кезекті өздеріңізге де бергім келіп отыр. Егерде туындаған мәселелер болса, тыңдауға әзірміз, – деп кезекті кездесуге келген тұрғындарға ұсынды.
Алғашқы болып аудан әкіміне сауалды ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Берікқазы Өсербаев жолдады. Ауыл ағасы алдыңғы жиында аудан әкімі атап өткен көшелердің жолдарын жөндеп беруді ұсынған болатын. Осы өтініші биыл орындалатынына риза болған ақсақал сөз басын алғыспен бастады.
– Өзіңізге алғыс айтқым келеді. Өткен кездесуде Құрманғазы, Сейдалы көшелеріне жол төсеп беруді өтініп едім. Жуық арада орындалатынына разымын. Рахмет! Жұмыстарыңыз оңынан болсын. Дегенмен, ауылымызда тағы бір мәселе бар. Ол – жедел жәрдем көлігінің жоқтығы. Бар болғанымен, жүрмей тұр. Осы мәселені соңына дейін жеткізіп, шешіп берулеріңізді өтінеміз, – деп ауылдастарын бірлікке, сабырлыққа шақырды.
Аудан әкімі бұл мәселе бақылауда тұрғанын, облыстық денсаулық сақтау басқармасына арнайы хат жолданғанын жеткізді.
Жиында төрт түлікті суару үшін арықтар жасау, ауыл мешітінің жерін заңдастыру, мәдениет үйінің шатырын жөндеу сынды бағытта сұрақтар қойылды. Аудан басшысы ол сауалдарға толыққанды жауаптар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кешке қарай дәл осындай жиын Ақбұлақ ауылдық округінде де өтіп, Р.Сәбденов ауылында орналасқан мәдениет үйіне ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Аудан басшысы кездесу тәртібіне сай баяндама жасап, кезекті «сұрақ-жауап» кезеңіне берді. Бір байқағанымыз, Р.Сәбденовте өтетін жиында Қызылшаруа ауылына қатысты сұрақтар жиі қойылады екен. Оны біз өткен және осы жиында да анық аңғардық. Осыны ескерген болуы керек, аудан басшысы келесі жиынды міндетті түрде Қызылшаруа ауылында өткізетінін жеткізді.
– Биыл ауылдық округке қарасты Р.Сәбденов ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені салынуда. Бұл нысанның құрылысы өтпелі. Сәл сабырлық танытсақ, мамыр айында пайдалануға береміз. Одан бөлек биыл біз ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстарына баса назар аударып отырмыз. Осыған сәйкес, Р.Сәбденов пен Бәйтеліде бір-бір көшені жарықтандырсақ, Қызылшаруада екі бірдей көшеге жарық шамдарын орнатуға қаржы бөліп отырмыз. Сондай-ақ, орталық саябақты абаттандыруға, елді мекендерді сумен жабдықтауға да ауыл әкімінің өтініші бойынша қажетті қаражат қойып отырмыз, – деп тұрғындар тілегіне құлақ түрді.
Ақбұлақта алғашқы болып сұрақты Алмас есімді ауыл ағасы жолдады.
– 2019 жылы «Қызылшаруа елді мекеніне мәдениет үйі салынады» деп белгіленген болатын. Жуырда сол нысанға қатысты жұмыстарды ауыл әкімімен бірге зерделеп көріп едік. Бірақ талап-тілегіміз әлі де тұралап тұрған секілді. Осы мәселені назарға алып, облыс әкіміне жеткізуді сұранамыз, – деп өтінішін ортаға салды. Ал аудан әкімі бұл өтініш аудандық емес, республикалық бюджеттің есебінен жүргізілетінін жеткізді.
– Әрине көтерген мәселеңіз өте орынды, ақсақал. Бірақ, мәдениет үйін салу жұмысы бірнеше сатыдан тұрады. Осыны ескергеніміз жөн. Алдымен жобалық-сметалық құжаты даярланып, республикалық деңгейде кезекке қойылады. Дегенмен, республикалық бюджетке қарап отырған біз жалғыз аудан емеспіз. Еліміз бойынша кезегін күткен ауылдар өте көп. Бір мезетте бір ауылдың жағдайын жасап тастауға бюджеттің мүмкіндігі жоқ. Бірақ, біз оған қарап отырмаймыз. 2025 жылға жоспарланған жұмысты бері қарай жылжытуға барынша күшімізді саламыз, – деп жоспарлы жұмысты заңдық тұрғыда түсіндіріп берді.
Жиында Р.Сәбденов ауылының ақсақалдары Абай көшесін асфальттап беруді өтінді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеген қария бұл өтінішін былтыр да айтқанын, өкінішке орай көше алты жылдан бері қиыршық таспен жатқанын жеткізді. Ауыл әкімі бұл өтінішті дереу қолға алу керектігін айтып, аудандық бюджет есебінен биыл асфальтталатынын айтып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, жиын барысында аудан әкіміне пилоттық жобаның ауылға келуі, жер мәселесі, жайылымдық жерлердің жетіспеуі төңірегінде сауалдар қойылды. Барлық сұрақтарға аудан әкімі тұшымды жауаптар қайтарып, жиын соңында тұрғындарды жеке де қабылдады.
Жәнібек СҰЛТАН.