Арулар – асыл жандар

682 Views

Өткен аптада газеттің бас редакторы лездеме жасады. Тақырыптың ауаны түсінікті. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Кімде қандай ұсыныс бар?» деген мәселе. Лездеме өтті. Нәтижесінде газеттің шығармашылық ұжымы әр салада өнімді еңбек етіп жүрген нәзік жандарға арнап, бір шумақтан өлең жазатын болып шешілді. Кейіпкерлер де таңдалды сол мезетте. Айталық, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жұманқұлова Раушан Көшербекқызы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәмбетиярова Райма Арыстанбайқызы, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Умеева Сәуле Өмірзаққызы мен өткен жылдың соңында бокстан Қазақстан чемпионатында қола жүлде еншілеген Адина Қалдыбайға арнап, өлең жаздық. Бүгін міне, яғни газетіміздің мерекелік санында кейіпкерлерімізге арналған өлеңдерді біз сіздердің назарларыңызға жариялап отырмыз.

 

Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жұманқұлова Раушан Көшербекқызына

 

Науқастардың халін біліп ұдайы,
Жұмысында әйтеуір бір тынбайды.
Дерек сұрап, хабарлассаң үнемі,
Жауабы да әркез оның шынайы.

 

Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәмбетиярова Райма Арыстанбайқызына

Білімі мен білгірлігін,
Өзі айтпайды айғай сап.
Райма апайдың іскерлігін,
Жұрт айтады мадақтап.

Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Умеева Сәуле Өмірзаққызына

Бір жан бар райсобезде Сәуле дейтін,
Нұр жүзінен ибалықтың көрем кейпін.
Көпбалалы аналардың тағдыры үшін,
Жанын қоярға жер таппай елеңдейтін.

 

Боксшы ару
Адина Қалдыбайға

Спортты серік еткен жасынан,
Соққысынан қарсыластар жасыған.
Жыл басында жүлде алып қоладан,
Адинаның абыройы тасыған.

Мерекелік өлеңдерді газетке әзірлеген М.Диханбай.

 

Поделиться ссылкой: