Толықбаев Медеу Мажитханұлы
Өмірбаяны
Толықбаев Медеу Мажитханұлы 1973 жылдың 28 қазанында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Луговой ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, аталған білім ошағын 1991 жылы бітіріп шыққан. Ұлты – қазақ. 1992-1997 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында оқып, «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары. 2012 жылы Д.А.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетіне сырттай бөлімге оқуға түсіп, осы оқу ордасын 2014 жылы «Көлік құрылыс, техника және технологиялар» бакалавры академиялық дәрежесі бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1998-2000 жылдары «Қазақстан темір жолы» «Луговой рельс дәнекерлеу» кәсіпорнында оңдаушы болып бастаған. 2003-2009 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» «Луговой рельс дәнекерлеу» кәсіпорнында рельс дәнекерлеу цехының аға шебері болып жұмыс істеген. 2009 жылдың қазан айынан бастап, осы уақытқа дейін «Қазақстан темір жолы» «Луговой рельс дәнекерлеу» кәсіпорнында жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасының шебері қызметін атқарып келеді.
ҚТЖ бойынша және мекеменің басшылығы мен кәсіподақтан бірнеше мәрте грамоталар мен алғыс хаттар иеленген.
Отбасылы. Бір қызы, екі баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Халықтың пікірімен санасып, бойында бар қабілетін сарқа жұмсап, аянбай еңбек ету – әрбір еңбек адамының азаматтық борышы болса керек-ті. Мен осы жасқа келгенше жұмыстың түр-түрін істедім. Жұмысты «ауыр я болмаса жеңіл» деп бөлген емеспін. «Еңбек етсең, еңкейгенде емерсің» дейді дана халқымыз. Осы сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Біздің алдымыздағы аға буын өкілдері, менің замандастарым еңбекпен есейді. Жастар жағы, яғни қазіргі буын өкілдері де еңбектің қадірін білсе деймін. Иә, рас. Елімізде жұмыссыздық проблемасы бар. Менің ұғымымда «Жұмыс істеймін» деген адамға әрдайым жұмыс табылады. Жас ұлғайған сайын осындай мәселелерге бей-жай қарай алмайды екенсің. № 10 сайлау округінен депутаттыққа түсіп отырғандағы мақсатым да сол. Атқарушы билік өкілдерімен бірлесе отырып, жастарымызды патерналистік пиғылдан арылту. Шамамның жеткенінше, жоқ-жітікке көмек қолын созу. Өзім сайлауға түсіп отырған округ тұрғындарының тұрмыстық әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – менің басты принципім болмақ.
Егерде сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, алдағы уақытта ауданымызда мынандай өзекті мәселелердің оң шешілуі үшін де бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын.
1. Жастар – әрқашанда қоғамның қозғаушы күші.Оларға қолдау көрсету – мемлекет үшін аса маңызды қадамдардың бірі. Осыны ескере отырып, мен жастарды ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына ықпал ететін боламын;
2. Менің сайлауалды бағдарламамда тұғындардың табысын арттыру, тұрмыс жағдайын түзету жұмыстары да қамтылған. Осы бағыттағы бастамаларды назарда ұстау;
3. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оларды патриотизмге баулу мақсатындағы жұмыстарға қолдау көрсету.
Мені қолдаңыздар. Мен Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.