Нұрымова Гүлдара Алданышқызы
Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат
№16 бірмандатты сайлау округі бойынша
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат
Нұрымова Гүлдара Алданышқызының
Өмірбаяны мен САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен, Нұрымова Гүлдара Алданышқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде «AMANAT» партиясы атынан сайлауға түсудемін.
Медициналық және экономикалық жоғары білімім бар, медицина ғылымдарының кандидатымын.
1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Терапевт-дәрігер» мамандығы бойынша бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды Тараз қалалық ауруханасында дәрігер болып бастадым. 1993-1998 жылдары Теміржол ауруханасының дәрігері, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым.
2007-2020 жылдары Тараз қалалық және Жамбыл облыстық мәслихаттарының, 2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты болып сайландым.
Тараз қаласының «Құрметті азаматымын».
Отбасым, екі ұлым бар.
Құрметті жерлестер!
Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында1999 жылы облыс орталығында «Мейірім» медициналық орталығын ашып, осы емдеу мекемесіне басшылық жасадым. Бүгінгі таңда Орталық заманауи медициналық аппараттардың көмегімен тұрғындарға диагностикалық-емдеу қызметін сапалы көрсетіп келеді. 2010 жылы «Мейірімге» облыста алғашқы болып МРТ аппараты қойылып, соның нәтижесінде Жамбыл жұртшылығы алыс-жақын шетелге, өзге өңірлерге сабылмай, облыс орталығында тексерілу мүмкіндігіне ие болды.
2016 жылы Жамбыл ауданының Қарой ауылдық округінде 350 орындық балабақша, ал 2022 жылы 400 оқушыға арналған мектеп-гимназия аштық.Онда жас жеткіншектердің оқуы мен тәрбиесіне қажетті барлық қолайлы жағдайлар жасалып, осы елді мекеннің 100-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылды.
2021 жылы коронавирус індеті өршіп тұрған тұста Меркі, Қордай және Талас аудандарына компьютерлік томография аппараттары қойылып, жергілікті тұрғындар аса зәру медициналық диагностикаға қол жеткізді.
Сондай-ақ, Меркі ауданында МРТ, сандық рентген, УЗИ секілді заманауи аппараттармен жабдықталған диагностикалық орталық пен 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория, аурухана және шипажай пайдалануға берілді.
Облыс және республика көлеміндегі қоғамдық-саяси жұмыстарға тұрақты түрде атсалысамын. Тараз қалалық және Жамбыл облыстық мәслихаттарының, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде бұқарамен белсенді байланыс орнатуға, тұрғындардың талап-тілегін орындауға басымдық бердім.
Мәжіліс мінберінде мүдделі мекемелерге 15 депутаттық сауал жолдап, басқа да өзекті мәселелердің өз шешімін табуына араластым.
Қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық комиссиямен бірлесе отырып, Тараз қаласындағы ата-аналармен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, заң аясында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер мен жастардың абақтыға қамалмауына араша түстім.
Құрметті сайлаушылар!
Менің бұл саяси науқандағы басты міндетім – «Әділетті Қазақстанның» қалыптасуына үлес қосу, әлеуметтің әлеуеті мен тұрғындар табысын арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық мекемелерді көптеп ашу, ауыл халқының ахуалы мен тұрмысын түзеу, инфрақұрылым игіліктері саналатын газ, су, жарық, жол төсеу мен жөндеу, жастар үшін тиімді бағдарламалар жасау деп есептеймін.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін төмендегі аса маңызды шараларды жүзеге асыруға басымдық бермекпін:
1. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Ендеше, қазақ тілін өз тұғырына қондыру – біздің басты парыз-борышымыз. Ол үшін қолданыстағы тиісті заңнамалық актілерге түбірлі өзгерістер енгізіліп, барлық қазақстандықтың қазақ тіліне деген құрметін арттыруымыз қажет деп есептеймін.
2. Ауыл тұрғындарының ахуалын жақсарту.
Бұл үшін:
– «АУЫЛ туралы» арнайы заң қабылдайтын, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтарға тосқауыл қоятын уақыт жетті.
– Ауыл тұрғындарына арнайы әлеуметтік статус беру арқылы оларға түрлі салаларда жеңілдіктер жасау механизмдерін қарастыру.
– Ауыл тұрғындарының әлеуметтік осал топтары – тұрмыс деңгейі төмен, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға баспана беру, үй-жайын жаңалау мәселелері бойынша жеңілдетілген несие беру жолдарын қарастыру.
– «АУЫЛ АМАНАТЫ» партиялық жобасы аясында ауыл тұрғындарына ағымдағы жылдан бастап 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілуіне ықпал ету. Бұл бағытта 11,5 миллиард теңге көлеміндегі мыңнан астам жоба қаржыландырылатын болады.
3. Бүгінде бірқатар ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру мен жедел медициналық жәрдем көліктері мүлде жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жақын орналасқан кемі 2-3 ауылға бір-бір көліктен берілуі тиіс.
4. Шалғай жатқан аудандар мен ауылдарда және облыстық маңызы бар автожолдарда күні бүгінге дейін интернет желісі, мобильдік байланыс жоқ немесе оның сапасы сын көтермейді. Бұл өз кезегінде, ауыл жастарының оқып-ізденуіне кері әсерін тигізуде. Сондықтан,орталықтан қашықта орналасқан ауылдарға байланыс мұнараларын орнатуға мобильді операторларды міндеттеу қолға алынатын болады.
5. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз етуге, ауыл жолдарын жаңартуға қажетті қаржы бөлу процесі бірнеше жылдарға созылады. Осы себепті, «АУЫЛ туралы» заң қабылданған жағдайда аталмыш проблемалардың дер кезінде шешілуіне өз септігін тигізетін болады.
6. Ауылдық жерлерге жаңа сандық, заманауи медицина мүмкіндіктерін, инновациялық игіліктермен жабдықталған диагностика жасау технологияларын молынан енгізу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі деп білемін. Осы мақсатта облыс аумағында алдағы 5 жылда медициналық мекемелер 700 құрылғымен қамтамасыз етіліп, оның 55 бірлігі жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімдеріне берілетін болады.
7. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда 18 инвестициялық жобаның іске асырылып, мыңға жуық жұмыс орныныңашылуын бақылауда ұстайтын боламын. Бұдан бөлек, өңірдегі өзге жобалар арқылы 84 мың жұмыс орнын құруға атсалысамын.
8. Ауыл шаруашылығын жандандыруға жаңа серпін беру мақсатында алдағы 5 жылда жоғары сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, ауылшаруашылық техникаларын сатып алуды субсидиялау көлемін арттыруға күш салмақпын.
9. «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында аудандар аумағында бос жатқан және жекешелендірілген кемінде 200 мың гектардан астам егістік алқаптары мен жайылым жерлерді тұрғындар игілігіне қайтаруға өз үлесімді қосамын.
10. Конкурстық негізде жыл сайын 350 жас кәсіпкерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие берілуіне, сонымен қатар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 700 маманды ауылдық жерлерге жұмысқа тартуға ықпал етемін.
11. Жамбыл облысы аумағындағы алып химия зауыттарының зияны мен зардабын тұрғындар талай жылдардан бері тартып келеді. Сол себепті олар қоршаған орта мен атмосфералық ауаның ластануы, улы газ, түтіндердің таралуына жиі шағымдануда. Бұл ретте республикамыздың бірқатар өңірлеріндегі сияқты халыққа қосымша қаржы, яғни экологиялық үстемақы (за вредность) төленуі тиіс. Осы мәселелердің тиісті органдардың алдында көтерілуіне ықпал етемін.
Қадірменді сайлаушылар!
Ел үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде нақты нәтижеге қол жеткізетін адам керек. Бұл ретте мен 34 жылдық тәжірибесі бар дәрігер, 17 жылдық тәжірибесі бар депутат ретінде тиянақты тірлік пен игілікті іске асыруға күш салатын боламын. Сондықтан Сіздің таңдауыңыз бен өзіңіз үшін қабылдаған шешім өзгелердің де өмірін өзгертуге әсерін тигізбек.
Ендеше, Сіз өзіңіздің және өзге де отандастарыңыздың болашағы үшін дауыс беріңіз.
Елдің бағын ашпаса,
Ер мұратқа жетер ме?!
Ердің сағын сындырса,
Ел мұратқа жетер ме?! – деп ұлы даланың ұлы данышпаны, әйгілі Әйтеке би айтқандай, мен «елдің бағы ашылғанын», «ердің сағы сынбағанын» қалаймын!
Халық қалаулысын таңдау Сіздің қолыңызда! САЙЛАУҒА КЕЛІҢІЗ, Г.НҰРЫМОВАҒА ДАУЫС БЕРІҢІЗ!
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.