Қораласбаев Арылбек шамшабекұлы

379 Views

Жамбыл облыстық мәслихат депутаттығына кандидат

Өмірбаяны
Қораласбаев Арылбек Шамшабекұлы 1968 жылдың 11 ақпанында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, (Т.Рысқұлов ауданы) Карл Маркс колхозы Подгорное ауылында (қазіргі Құмарық ауылы) дүниеге келген. 1985 жылы Луговой ауданы, Подгорное ауылындағы Карл Маркс атындағы (қазіргі Болтай батыр) орта мектебін бітірген. 1986-1988 жылдар аралығында әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеген. 1989-1992 жылдары Луговой ауылындағы Жамбыл Зооветеринарлық техникумын «Зоотехник» мамандығы бойынша бітірген.
1992-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК Жамбыл облыстық филиалында қызмет атқарған. 1997-2003 жылдар аралығында «Аян» шаруа қожалығында басшының орынбасары болған. 2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Бай Алғабас» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып келеді. 2007-2011 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Агроном» мамандығын бітірген. 2007-2017 жылдары төртінші, бесінші, алтыншы шақырылған Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының, 2021 жылы жетінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2013 жылы ІІІ дәрежелі «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» белгісімен, 2014 жылы «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», 2018 жылы «Тұрар Рысқұлов ауданына – 80 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 2019 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. 2020 жылы «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтингі бойынша «ҮЗДІК ДЕПУТАТ» төсбелгісін алған. 2021 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының «ЖЫЛ ТҰЛҒАСЫ» номинациясын иеленген. 2022 жылы «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Отбасылы. 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті жерлестер! Жамбыл облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде «AMANAT» партиясы атынан сайлауға түсіп отырмын. Менің ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық мәслихат депутаты ретінде жинаған бай тәжірибем бар. Өңірдегі негізгі өзекті мәселелерді көтеріп, оң шешімін табуына барынша ықпал етіп келемін. Әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Осы жолғы сайлау науқанына қатысудағы басты мақсатым да сол шешімін күткен мәселелердің оңтайлы шешілуіне, ел Президенті ұсынған «Әділетті Қазақстанның» өңірімізде қалыптасуына өз үлесімді қосу. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін бес басымдықты негізге алып отырмын.
1. Ауылда туып-өсіп, ауылда еңбек етіп жүрген азамат ретінде ауылдық жерлердегі мәселелерді жақсы білемін. Сондықтан да мен сайлауалды бағдарламамды ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне арнап, оның шешілу жолдарын «АУЫЛ АМАНАТЫ» партиялық жобасы аясында іске асыруды көздеп отырмын. «Ауыл аманаты – ел аманаты», ауылды өркендету – біздің басты борышымыз деп білемін. Бірінші кезекте ауылдарға сапалы АУЫЗ СУ тартылуы керек.
2. «Жол қадірін жүрген біледі» дейді халқымыз. Расында ауыл мен ауылды жалғайтын күре жолдардың, ауылішілік көше жолдарының сапасы жақсармай тұрмыс түзелмейді. Елдің басым бөлігі күнкөріс қамымен күнде жүретін жолдың сапалы болуы маңызды міндет. Ауыл мен ауылды, көше мен көшені жалғайтын жол мәселесі кезек күттірмеуі керек.
3. Қазір ақпараттық технологиялар ғасыры. Жастарымыз озық технологиялардан хабардар болуы үшін, заманауи технологияларды үйреніп, игеріп, білім алуы үшін де ИНТЕРНЕТ қажет. Ал, бұл мәселе ауылдық жерлерде өзекті болып тұр.
4. Ауыл тұрғындары, әсіресе, жастар жағы толық жұмыспен қамтылса ұрлықтың да, бұзақылықтың да деңгейі төмендер еді. Ал, олардың жұмыс істеуіне мемлекеттік мекемелердің саны жетіспейді. Алайда, мемлекеттік бизнес жобалар арқылы өз бизнесін ашуға, өркендетуге қазір мүмкіндік көп. Соның бірі биылғы жылдан бастап іске асырылатын 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені ауыл жастарына берілуіне ықпал ету.
5. Бесінші бағытты ауыл шаруашылығына арнап отырмын. Салаға жаңа серпін беру үшін жоғары сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуды субсидиялау көлемін арттыруға күш салу қажет. Ауыл шаруашылығы маманы ретінде, осы салада еңбек етіп жүрген азамат ретінде бұл бағыттағы жеңілдіктердің елге ҚОЛЖЕТІМДІ болуына күш саламын.
Құрметті сайлаушылар! Ұлт ұстазы, мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деген нақыл сөзі бар. Ендеше, жұрт қамы үшін жоғарыда аталған бес бағытты өзіме бағдар етіп алдым. Алдағы сайлауға белсене қатысып, маған дауыс береді деп сенемін!

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: