Айтбаев Серік Шәкенұлы

245 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидат

Өмірбаяны
Айтбаев Серік Шәкенұлы 1973 жылдың 28 мамырында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Ақтоған орта мектебін тәмамдаған соң Жамбыл педагогикалық институтының «Физика – математика» факультетіне оқуға түсіп, аталмыш жоғары оқу ордасын 1996 жылы «Математика және физика пәндері мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылдың 1 қазанынан бастап, Ақтоған орта мектебіне математика және информатика пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданған.
2004-2021 жылдар аралығында Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. 2021 жылдың 25 тамызынан бастап осы аталған мектептің директоры болып қызмет атқарып келеді. «AMANAT» партиясының мүшесі.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 2008 жылы Алматы қаласында өткен «Бәсекеге қабілетті мектеп» атты республикалық ғылыми семинарға қатысып, «Құрмет» грамотамен марапатталған. Алматы қаласында өткен республикалық семинарда «Білім үрдісін ұйымдастырудың тиімді жолдары» тақырыбында іс-тәжірибесімен алмасып, белсенділік танытқаны үшін «Құрмет» грамотамен марапатталған.
2015 жылы «Математикалық модельдеу мен ақпараттық технологиялар білімде, ғылымда» атты VII Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысып, «Особенности использования исторических данных во внекласных мероприятиях по математике» атты мақаласы жинаққа енген. 2018 жылы республикалық «Ғылыми ізденіс» педагогикалық ғылыми- әдістемелік журналының №5 санында «Мектептегі оқу процесіне робототехника негіздерін енгізудің ерекшеліктері» тақырыбында мақаласы жарияланған. 2019 жылы «Заманауи педагог» республикалық журналында «Тарихи сананы жаңғырту – ұлт рухының көрінісі» атты мақаласы жарық көрді. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «ІТ жобалар» аллеясында оқушылары құрастырған роботы мен ақылды үй идеялары тіркеліп, марапатталды.
Отбасылы. 2 ұл, 2 қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті жерлестер! Өздеріңізге белгілі, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асырудың аудандық Жол карталарында жалпы 74 іс-шара белгіленген. Ағымдағы жылдың қаңтар-желтоқсан айларында іс-шаралардың 69 (93%) орындалған, 4 (6%) орындалу мерзімі келмеген, 1 (1%) орындалу сатысында. Жол картасына сәйкес, ауданымызда 2022 жылы 6000 гектар жер қайтару жоспарланып, 9814,7 жер қайтарылған. Меже 164 пайызға орындалды. Жол картаға сәйкес, 2022 жылы 3 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Олар: Құлан мектеп-гимназиясы, № 2 шағын орталықты орта мектебі, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептері. Жақсылық және Жаңатұрмыс ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория соғылып, халықтың игілігіне берілді. Жыл сайын 735 жаңа жұмыс орнын ашу межеленсе, бүгінде 1199 жұмыс орындары құрылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй несиесі 28 жас мамандарға берілді. Жастардың бизнес-бастамаларының бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында 128 жасқа 400 АЕК көлемінде грант берілді.
Құрметті сайлаушылар! Сайлауға қатысудағы басты мақсатым – Сіздермен тығыз қарым-қатынас орната отырып, сайлаушылар мен атқарушы орган арасындағы маңызды мәселелер мен межелі міндеттерді өз деңгейінде шешуге бүкіл қажыр-қайратымды жұмсау. Мен сайлауға мансап я болмаса атақ қуып түсіп жатқаным жоқ. Басты миссиям – халықтың сенімінен шығу. №4 сайлау округінен аудандық мәслихат депутаттығына үміткермін. Мені қолдайсыздар деген сенімдемін.
Егерде аудандық мәслихатқа депутат болып жатсам, өзім сайланған округ тұрғындарының талап-тілегі мен мұң-мұқтажын атқарушы билік өкілдеріне айтып, сайлаушылар көтерген мәселелерді ұдайы бақылауда ұстайтын боламын. Осы тұста алдағы уақытта атқарылар жұмыстарға тоқтала кетсем деймін.
1. Көгершін ауылында соғылып жатқан 90 орындық ауылдық клуб құрылысының сапасына жіті көңіл бөлу;
2. Қосапан елді мекеніне су тазарту үшін кешенді блок-модуль орнатылуын бақылауда ұстау;
3. Көгершін ауылына салынып жатқан денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарының жүргізілуін бақылауда ұстау;
Құрметті сайлаушылар! Туған өлкеміздің дамуына үлес қосу – біздің ортақ парызымыз. Сондықтан да мен бойымдағы бар ерік-жігерімді сайлау учаскемдегі халықтың тұрмыстық деңгейін көтеруге, әлеуетін арттыруға бағыттайтын боламын.
19 наурызда өз таңдауыңызды жасаңыз.
Дауысыңызды жұрт қамы үшін қызмет істеп жүрген адал азаматқа беріңіз!

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: