Хиджаманың кері әсері қандай?

287 Views

Кейінгі кезде халық арасында хиджама, яғни қан алдыру арқылы емделетіндер көбейді. Араб тілінен аударғанда хиджама «сору» деген мағынаны білдіреді. Бұндай әдіске жүгінген адамның денесінен арнайы соратын вакуум арқылы қан алынады. Қазір осы ем түрін жасайтындар көбейіп кетті, интернет арқылы тауып алуға болады. Бірақ хиджамаға қатысты пікірлер сан алуан. Біреулер емнің жасалу жолына күмәнмен қараса, тағы бірі қан алдырып шипа тапқанда­рын айтады. Хиджаманы кез келген жерде емес, арнайы орталықтарда жасатқаны дұрыс дейді мамандар. Интернет деректеріне сүйенсек, қан алдырудың тарихы әріде. Ертеде көне Мысыр, Орта Азия, Сауд Арабиясы елдерінде бұл әдіс арқылы ем жүргізу кеңінен тараған. Қазіргі күнде де бұл елдерде хиджама жасайтын арнайы орталықтар бар. Хиджама жасайтын мамандардың айтуынша, хиджама вакуумдық массажға ұқсайды, оның екі түрі бар. Бірі – құрғақ, екіншісі – дымқыл. Құрғақ хиджама кезінде денеге вакуумдық банка қойылып суықты шығарған. Ал дымқыл хиджамада денені тіліп, вакуумдық банкі арқылы қан сорылып алынған. Бұл әдісті кез келген адам жасай алмайды, тек қана оқыған, арнайы білімі бар, адам анатомиясы мен физиологиясын білетін маман ғана жасайды. Өйткені адам денесіндегі хиджама жасалатын белгілі бір нүктелерді білу қажет. Қан алумен айналысатын мамандар үнемі білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс, бір ғана курстан өтіп, бәрін біліп алдым деуге болмайды. Себебі адам денесімен жұмыс істегеннен кейін әр іске жауаптылықпен қарау керек. Қандай ауру болмасын ең алдымен дәрігерге қаралып, кеңес алу керек, науқастың медициналық тексеріс нәтижелері сұралу керек. Мысалы, мамандардың айтуы бойынша жүкті әйелдерге, емізулі баласы бар аналарға, қанының құрамында қанты көп және қаны аз адамдарға, жүрегіне жасанды аппарат орнатқан науқастарға, бауыр, өт, ішкі мүшелеріне ота жасатқан немесе алынып тасталған азаматтарға қан алдыруға рұқсат жоқ. Жасы келген адамдарға хиджама жасауға болмай­ды, себебі жүрегі әлсіз адамдардан қан алу қауіпті. Қан қысымы жоғары адамдардан қан алудың алдында, қан қысымын тексеріп, қысым түскенше күту керек. Баладан қан алу – үлкен жауапкершілік әрі қауіпті. Бала шо­шып қалуы мүмкін. Адамды емдеу ке­зінде жіберілген қателік кешіріл­мей­ті­нін ескерсек, бұл емнің түрімен айналысатындар әрбір нүктені сезе білетін, өз ісіне ұқыпты, санитарлық тазалықты қатаң сақтайтын жан болу керек. Хиджама жасау үшін вакуумдық банкалар, сорғы, пышақ және спирт пайдаланады. Қан арқылы таралатын ауру түрлері бар екені мәлім және естен шығармау керек. (вирусты гепатит­тің С түрі, АИТВ ЖИТС аурулары, инфекциялары) Егер бір адамның вакуумдық банкісін, сорғы, пышағын келесі адам пайдаланса, емделуге келген науқас тағы бір ауруды жамап алуы мүмкін. Ем медициналық стандартқа сай арнайы кабинеттерде жасалуы тиіс. Әрбір құрал стирильді болуы қажет. Ең дұрысы, әрбір адамның өзінің банкісінің болғаны жөн, қан алатын жер таза болу керек, вакуумдық банкінің, денеге тілім жасайтын кескіннің таза­лығына мән беру керек. Хиджама жасайтын маманның сертификаты, лицензиясы болуы шарт. Адам ағзасына пайдасы аз, зиянды тағамдар қанның құрамына әсер етеді. Сондықтан әр азаматтың денсаулығы өз қолында.Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар!

К.Нұрбаева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
бас маманы.

Поделиться ссылкой: