Тамашев Бауыржан Медетұлы

238 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

Өмірбаяны
Тамашев Бауыржан Медетұлы 1968 жылдың 12 желтоқсанында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Құлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, аталған мектепті 1986 жылы бітіріп шыққан.
1989 жылы әскери борышын өтеп келіп, 1989-1992 жылдар аралығында «Райавтодор» мекемесінің жол жөндеу бөлімінде бригадир болып қызмет атқарған. 2008-2011 жылдары Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінде оқып, аталған оқу ордасын «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 2001 жылдан бастап, қазіргі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
Отбасылы. 4 баланың әкесі.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Дүниежүзінде қаншама ел Азаттық аңсап, сорлап жүр. Біздің ата-бабаларымыз да «Осы күнге жетсек» деп армандады емес пе? Өкінішке орай, алаш зиялылары азаттық үшін күресте жазықсыз жапа шекті. Қолдан аштық жасалып, халық қынадай қырылды. Осындай қиын-қыстау кезеңнен де аман өттік. «Бабаларымыздың ерік-жігері қандай мықты болған?» деп өз-өзіме сұрақ қоямын кейде. Ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген рухты сөзі айнымас шындықтың нақ өзі. «Тәуелсіздік – басты құндылығымыз» деп айтқандығым да сондықтан. Азаттықтың қадірін бағалау керек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елімізде бейбітшілік болса, біз барлық қиындықтарды еңсереміз.
Қазір Қазақстан – Азияның алыбына айналды. Ел экономикасы жылдан-жылға қарқынды өсіп, дамудың даңғыл жолына қадам бастық. Калаларда көптеген зәулім-зәулім ғимараттар салынып жатыр. Ауылдардың да жыл өткен сайын әлеуеті артып келеді. Шүкір. Бәрі бір жылда бола салмайтыны ақиқат. Барлығы да кезең-кезеңімен реттеледі. Өз басым жарқын болашаққа сенемін.
Жас ұлғайғанда көп жайтты ойлайды екенсің. «Осы жасқа келгенде, мен не тындырдым?» деп өз-өзіңе іштей сұрақ та қоятын сәттер болады екен. Менің № 10 округтен аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп отырғандағы мақсатым да сол. Ел ісіне араласып, аз да болса, жұртшылыққа пайдамды тигізу және олар көтерген мәселені аудандық атқарушы билікке жеткізу. Басқа көздеген ештеңем жоқ.
Сайлаушылар маған сенім білдіріп, қолдау көрсетеді деген ойдамын. Өйткені, мен олигарх емеспін. Қарапайым халықтың ішінен шыққан еңбек адамымын. Көпшілік айтқан сынды көтере аламын. Егерде депутаттық мандатқа ие болып жатсам, мені қолдаған сайлаушылардың түйткілді мәселелерін басты назарда ұстайтын боламын. Қолымнан келгенше әрекет етемін.
«Елге пайда тигізу – ерге парыз» деген ұстаным – мен депутаттыққа түсіп отырған Қазақстан Халық партиясының саяси ұстанымдарының бірі. Сондықтан 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауында көпшілік мені қолдайды деп сенемін.
Сайлауға келіңіздер, дауысыңызды еңбекпен есейген абыройлы азаматқа беріңіздер.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: