Шәділбеков Мақсат Райзоұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Шәділбеков Мақсат Райзоұлы 1970 жылдың 22 қыркүйегінде Луговой ауданы, Луговой ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1978 жылы №1 Луговой орта мектебінің 1-сыныбына барып, осы мектептен 1988 жылы 10-сыныпты бітірген. 1988-1990 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеген. 1992 жылы Луговой аудандық пошта байланыс торабына электромонтер болып жұмысқа орналасқан. 1995-2005 жылдар аралығында аталған мекемеде техник болып қызмет істеген. 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін Т.Рысқұлов аудандық телекоммуникация торабының сату бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарады. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған. 2001 жылы Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2004 жылы аталған университеттің қаржы және қаржылық құқық факультетін «Қаржы құқығы» мамандығы бойынша бітірген.
Отбасылы. 4 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті № 7 сайлау округінің сайлаушылары! «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» ұстанымдарын шын мәнінде іске асыратын кез жетті. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді» деген сөзді бекер айтпаған. Жұрт қолдаса, біздің де мақсатымыз – елімізге, жұртымызға қызмет ету.
Аудандық мәслихатқа депутат болып жатсам, мынадай мәселелердің шешілуіне бар қажыр-қайратымды жұмсайтын боламын.
1. Назардан тыс қалып қоятын мәселелердің бірі – зиратқа барар жолдың жарамсыз күйі. Қазақта «Өлі риза болмай – тірі байымайды» деген сөз бар. Осыны ескеріп, зиратқа баратын жолды жөндеу, яғни құм-тас төсеу жұмыстарын іске асыруға ықпал етуді көздеп отырмын.
2. Ауылымыздағы келесі бір түйткіл – жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернет жүйесін орнату. Өздеріңіз білетіндей, пандемия кезінде балаларды үйден оқыту жүйесі көптеген отбасын тығырыққа тіреді. Жалпы әрбір азаматтың кең жолақты интернет желісіне қолжетімділігін арттыру – менің сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттарының бірі.
3. Біздегі жайылым мәселесіне келсек, аудан орталығы Құлан ауылының сыртындағы жайылымдық жерлер күннен-күнге тарылып барады. Осы проблема бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуге ықпал жасаймын.
4. Д.Қонаев ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге ыкпал етіп, көшелерді жарықтандыру мәселесін оңтайлы шешуді дұрыс жолға қойып, бақылау және қадағалауға алып, бұзылған жабдықтарды уақтылы ауыстыру және ауылішілік көшелердегі жолдарды жөндеуден өткізуге атсалысатын боламын. Әбілқайыр ауылына ауыз су жүйесін жүргізу және екі ауыл арасындағы 4 шақырымдық жолды жөндеуге белсене атсалысамын. Ауылда балабақша ашуға шамамның жеткенінше ықпал ететін боламын.
5. Шөңгер ауылына балаларға арналған ойын алаңын соғу қажет. Ауыл көшелеріндегі жолдарды жөндеу де керек. Егерде мені депутаттыққа сайласаңыздар, бұл мәселелердің оңды шешілуіне білекті сыбанып кірісетін боламын.
6. Өңірдегі дарынды жастарға қолдау көрсету – сайлауалды бағдарламамдағы маңызды басымдықтардың бірі. Шағын кәсіпкерлікті дамытып, жас кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама аясындағы жеңілдіктерді пайдалана отырып, өз кәсіптерін ашуда бағыт-бағдар да беретін боламын.
7. Ауылымыз таулы аймаққа жақын болғандықтан, сел жүру қаупінің алдын алу жұмыстарын қадағалап, арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізу қажет. Ол да менің ойымда жүрген мәселе.
19 наурызда сайлауға келіңіз, дауысыңызды іскер әрі білікті азаматқа беріңіз.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.