Байшемиров Мұрасбек Дүйсембекұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Байшемиров Мұрасбек Дүйсембекұлы 1981 жылдың 29 наурызында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Ақтоған орта мектебінің табалдырығын аттап, 1998 жылы аталған мектепті бітірген. Сол жылы Алматы технология және бизнес университетінің «Экономика және менеджмент» факультетіне оқуға түсіп, 2003 жылы тәмамдаған. Білімі – жоғары. 2005 жылы Тараз институтының «Информатика» факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы аяқтаған.
Еңбек жолын 2006 жылдың қаңтар айынан бастап, Ақтоған орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Осы мектепте 2018-2021 жылдар аралығында директордың ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдан бастап, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасап келеді.
Еңбек өтілі – 17 жыл. Педагог-зерттеуші.
Отбасылы. 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп отыр.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Алғабас және Көгершін ауылдарының тұрғындары! 2023 жылдың 19 наурызында елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтетіндігі белгілі. Мен осы сайлау науқанында Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде бағымды сынап отырмын. №4 сайлау округі сайлаушыларын алдағы саяси додада өз таңдауын жасап, дауыс беруге шақырамын.
«Бірлік түбі – береке» деген дана халқымыз. Елімізде тыныштық пен бейбітшілік болса, біз айбарлы мемлекетке айналамыз. Оған еш күмән жоқ. Қазір елімізде саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұның бәрі болашақ үшін жасалып жатқан қадамдар деп түсінемін.
Ұстаздық қызметте еңбек етіп келе жатқаныма 17 жыл болды. Талай семинарларға қатыстық. Адамдармен тілдестік. Барлығының айтатыны – елдегі бейбітшілік. Қазақстандықтар бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешсек, біз бағындырмайтын белес жоқ. Осыны тереңінен түсінгеніміз абзал.
Егерде Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатына депутат болып жатсам, мына мәселелер менің басты назарымда болады.
1. Алғабас және Көгершін ауылдық округтеріне балалар ойын алаңдарын салуға ықпал ету;
2. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі» бағдарламасын орындау мақсатында Көгершін ауылындағы «Жеңіс» аллеясына ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуін қадағалау;
3. Көгершін ауылында салынып жатқан спорт кешені мен 90 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарының сапасы және жоспарлы мерзімінде өткізілуіне баса назар аударып, қадағалау;
Ер азаматтың міндеті – еліне адал қызмет ету. Менің өмірлік қағидам – осы. «Жаңа Қазақстанның» болашағы үшін осы уақытқа дейін жиған тәжірибем мен біліктілігімді жұмсайтын боламын.
Сайлауға келіңіз, дауысыңызды беріңіз.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.