Маханбетқұлов Қуандық Бейшенбекұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Маханбетқұлов Қуандық Бейшенбекұлы 1978 жылдың 1 сәуірінде Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Әбжапар ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Отбасылы. 4 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Мен «Аманат» партиясы атынан №3 округтен сайлауға түсіп отырмын. «Құлан таңы» газетінен аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын толықтай оқып, танысып шықтым десем болады. Өйткені, өзім де аудандық мәслихат депутаттығына үміткермін. Ізденгіш, жан-жақты адам үшін бұл дұрыс қағидат деп білемін.
Қазір құндылықтар өзгерген заман. Соған қарамастан, шүкір, еліміз тыныш. Татулығымыз көпке үлгі. Алатайдай бүлінген ешнәрсе жоқ. Біз осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет. Мемлекет басшысының пәрменімен елімізде көптеген реформалар іске асырылып жатыр. Біз – бұл кезеңнен де өтуіміз керек.
Тәуелсіздік алғанымызға – 30 жылдан асты. Дамыған мемлекеттер санатына қосылдық. Шегарамыз шегендеулі. Армиямыз – айбынды. Төрткүл дүние санасатын қуатты елге айналдық. Иә, рас, ішінара кем-кетіктер болмады емес, болды. Дегенмен, біз соның бәрін тізе бермей, керісінше, кеткен қателіктен сабақ алуымыз керек. Ішкі тұрақтылығымыз бекем болуы тиіс. Сырттан көз салып отырғандар жоқ емес, бар. Біз берекелі бірлігіміздің арқасында ғана осындай сындарлы сәттен аман шығатынымыз хақ.
Менің сайлауалды бағдарламамның өзегі – әуелі осындай рухты сөздер платформасына негізделіп жазылды. Өйткені, өзім рушыл емес, рухтас, мұраттас адамдарға әрдайым тілекшімін. Бабаларымыз «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп бекер айтпаған. Мен әуелден осы сөзді өмірлік әрі қызметтік жолымда ұстанып келемін.
Егерде өзім сайлауға түсіп отырған Құмарық ауылдық округінің тұрғындары сайлауда мені қолдайтын болса, тұрғындармен бірлесіп, жұмыс атқаруға бар күш-жігерімді жұмсайтын едім. Біздің алдымыздағы аға буын өкілдері, менің замандастарым еңбекпен есейгені өтірік емес. Сондықтан мен қалай жұмыс жасау керектігін жақсы білемін. Мақтанғаным емес, оған потенциалым да жетеді. №3 сайлау округінен депутаттыққа түсіп отырғандағы мақсатым – халыққа пайдамды тигізсем, ел игілігіне жұмыс жасасам деген ой ғана. Басқа көздеген ештеңем жоқ. Атқарушы билік өкілдерімен бірлесе отырып, мені қолдаған сайлаушылардың сеніміне селкеу түсірмей, проблемаларды рет-ретімен шешсем деймін. Шамамның жеткенінше, жоқ-жітікке көмек қолын созу да басты мұратым. Өзім сайлауға түсіп отырған округ тұрғындарының тұрмыстық әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – менің бастың принципім болмақ. Егерде сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, округтегі түйткілді мәселелердің барлығы менің жіті назарымда болады. Мен әрқашан халықпен біргемін.
Мені қолдаңыздар. Мен Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.