Шәпетова Гүлвира Ермаханқызы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
ӨМІРБАЯНЫ
Шәпетова Гүлвира Ермаханқызы 1970 жылдың 14 наурызында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1988 жылы №14 орта кәсіптік техникалық училищесінің білімгері ретінде «Іс-қағаз жүргізуші» факультетін бітірген. Ал 2011 жылы қазіргі Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Есеп және аудит» факультетін бітіріп, 2015 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін дәл осы мамандық бойынша аяқтаған.
Саяси додаға өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті сайлаушылар! Мен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде №12 сайлау округі бойынша тіркеліп отырмын. Менің сайлауалды бағдарламамда Луговой және Қызылшаруа елді мекендеріне қатысты бірқатар мәселелер қамтылған. Атап айтар болсақ:
1. Әлемге ұлы Абайды танытқан заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өзінің бір сөзінде «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы» деген екен. Расымен де, адам бойында осы екі қасиет болмаса, Абайша айтқанда, өзіңізді «толық адаммын» деп есептей алмайсыз. Адам баласы ғылымды білім ошақтарынан және сары майдай сақталған кітапханадан алатын болса, мәдениетті әрине қоршаған ортасынан үйренері хақ. Дегенмен, адам бойында жақсы қасиеттердің дамуына ауылдық округте орналасқан мәдениет үйлерінің де қосатын үлесі өте зор. Сондықтан да мен Луговой және Қызылшаруа ауылдарына ортақ мәселені көтергім келеді. Мәселен, Луговойда мәдениет үйі болғанымен, көп жылдар бойы жөндеу көрмепті. Ал Қызылшаруа ауылында мәдени ошақ мүлдем жоқ. Егерде депутат болып аталмыш округтен сайланатын болсам, осы мәселені мықтап қолға алатын боламын.
2. Балалар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді пайдалануы қажет. Бала мектептен кейінгі уақытын гаджеттерге емес, спортпен шұғылдануға жұмсағаны абзал. Ол үшін әрине билік тарапынан қолдау болуы тиіс. Осы орайда мен Қызылшаруа ауылында спорт кешені болғанын қалаймын. Бұл бастама тек балалардың ғана емес, ауыл азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық беретін болады.
3. Әлеуметтік жағдайларды да ретке келтіру керек. Ол үшін аз қамтылған, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлердің жағдайын ұдайы назарда ұстауымыз керек. Осы орайда тұрғындардың тұрмысын тіктеу үшін «Балық емес, қармақ беру» қағидасын берік ұстанып, ауыл азаматтары арасында патерналистік пиғыл мен масылдықты жоюға күш салу – аса маңызды.
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР! СІЗДЕРДІ 19 НАУРЫЗ КҮНІ ӨТЕТІН САЯСИ ДОДАҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРАМЫН. САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ КЕЛІП, ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСАЙДЫ ДЕГЕН СЕНІМДЕМІН!
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.