Кәдірбек Данияр Шауанұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
ӨМІРБАЯНЫ
Кәдірбек Данияр Шауанұлы 1994 жылдың 24 маусымында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Р.Сәбденов ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 2001 жылы Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінің 1-ші сыныбына барған. Аталмыш білім ордасын 2012 жылы аяқтап, дәл сол жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен. Онда 2016 жылға дейін білім алып, «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығын алып шыққан. 2019 жылдан бері «Жастар ресурстық орталығында» инспектор болып қызмет атқарады.
Үйленген. 2 ұлы бар.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Еліміз бойын тіктеп, тәуелсіздігін алғаннан бері мемлекеттің алдынан шыққан біраз маңызды мәселелер өз шешімін тапқаны белгілі. 30 жыл бұрын қабылданған реформалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Дегенмен, елімізде аталмыш мәселелердің барлығы түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Ол – заңдылық. Тұрмыс бар жерде, түйткілді проблемалар да болатыны айдан анық. Мәселен, бір ауылға ауыз су жетпесе, енді бір ауылға көгілдір отын әлі келмей тұр. Сонымен қатар, бұл тізімге халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, жұмыспен қамтылуын қосуға болады.
Құрметті сайлаушылар! Мен, Данияр Шауанұлы Кәдірбек жоғарыда аталған мәселелердің оңды шешілуін қамтамасыз ету және халықтың үнін билік басында отырған азаматтарға жеткізу үшін Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына №8 сайлау округі бойынша кандидат болып тіркелдім. Егерде мен мәртебелі мандатқа ие болсам, Сіздердің сенімдеріңізді ақтай отырып, мына төменде айтылған мәселелерді шешуге барынша атсалысатын боламын.
1. Ауыл – қазақ халқының темірқазығы. Оның әлеуетін көтеру, экономикалық тұрғыдан дамыту – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан мен ауданымыздың мәртебесі биік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Ол үшін әрине, ең алдымен, сырт жатқан тартылатын қаржы тетіктерін қарастыруымыз қажет. Яғни, қалталы азаматтар мен инвесторларға, жеке кәсіпкерлерге үндеу тастап, біздің өңірде дамыған, шикізаты көп өндіріс ошақтарын ұсынуымыз керек. Қазіргі таңда өнім өндіру әлеуетін арттырып, салаларды әртараптандыру – аса маңызды. Бұл бір жағынан аудан аумағында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, екіншіден, тұрғындардың тұрмысын тіктеп, өңірде кәсіпкерліктің кең өріс алуына өз септігін тигізеді.
2. Жұмыспен қамту жүйесіне серпін беруіміз қажет. Шыны керек, жастардың басым бөлігі жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалармен жіті таныс емес. Сондықтан да мен бұл мәселені шешу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бір жолға қояр едім. Ол үшін әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, насихат жұмыстарын БАҚ арқылы да қуаттайтын едім. Жастарға ғана емес, аудан тұрғындарының осал топ өкілдеріне қайтарымсыз грант алудың және бизнес бастаудың жолын үйретіп, «Жастар практикасы» сынды бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырар едім.
3. «Жастар! Жастар!» деп егде жастағы азаматтарды да есептен шығармаған жөн. Оларға жайлы жағдай жасау – менің басты ұстанымым. Адалын айту керек, қазіргі зейнеткерлерге берілетін қаржы көлемі аз. Оны мойындауымыз керек. Талай жылдар бойы еңбек етіп, денсаулығын сарп еткен ата-әжелерімізді тиісті деңгейде қамқорлыққа алу қажет. Оларды тегін медициналық тексерістен өткізу, сапалы дәрі-дәрмекпен қамту, түрлі қоғамдық іс-шараларға тарту, тегін саяхаттауға мүмкіндік беру – аса маңызды. Дәл осындай жағдайды мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға да жасау керек. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауданда 2000-нан астам мүгедек жандар бар екен. Оларды инватаксимен қамту, сауда орындарына, мекемелерге емін-еркін кіріп-шығуына барлық жағдайды жасауымыз керек.
Құрметті сайлаушылар! Жоғарыда аталған үш бөлім сайлауалды бағдарламамның маңызды бөліктерінің бірі. Сондай-ақ, мен бұдан бөлек жол, жарықтандыру, арық-атыздарды ретке келтіру, ауыз су, көгілдір отын және тұрғын үймен қамту, тұрғындарға жеңілдетілген несие беру сынды өзекті мәселелерді назарға алатын боламын.
Еліміздің болашағы жастар қолында. Сіздерді дұрыс таңдау жасауға шақырамын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.