ТІЛ ЖАҢҒЫРУЫ –латын әліпбиі

833 Views

ТІЛ ЖАҢҒЫРУЫ –латын әліпбиі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы ел халқына жария еткен «Қазақстан — 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап орыс графикасы негізіндегі әліпбиден латын әліпбиіне көшу қажеттігін айтқан болатын. Өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық мақаласында да Мемлекет басшысы бұл турасында толғамды ой айтты. «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп сөз өрбіткен Ұлт Көшбасшысы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы біріңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін, сондай-ақ, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажеттігін тілге тиек еткен еді. Содан кейін, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, бұл ұсыныс қоғамдық талқыға түскен болатын.

Сәрсенбі күні Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Тіл жаңғыруы – латын әліпбиі» атты латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиді түсіндіруге бағытталған іс-шара ұйымдастырылды. Шараға Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті филология және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі Балмира Мырзабаева, «Тәжірибелік Психология» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фатима Бизақова мен аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков қатысты. Жиын барысында сөз сөйлеген Балмира Жүнісбекқызы үшінші үлгіде дайындалған латын графикасы хақында өз пікірін ортаға салып, жаңа форматтағы әліпби бойынша семинар-тренинг өткізді. Содан соң, психологиялық тұрғыда әсерлі әңгіме өрбіткен Фатима Бизақова латын графикасы турасында салмақты ой айтып, шараға белсене атсалысқан ұстаздарға жеке алғысын білдірді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: