ҚАУІПТІ ДЕ ҚИЫН ҚЫЗМЕТ
ҚАУІПТІ ДЕ ҚИЫН ҚЫЗМЕТ
Өмір тек қуанышты сәттерден тұрмайды. Қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Қауіп те, қатер де болады. «Қауіп деген аяқ астында» деп халқымыз тауып айтқан ғой. Соның бәрін адам баласы өз тағдыр-талайына қарай көреді. Осындай қиын сәтте қол ұшын созатын, қажет кезде қасыңнан табылып, дер кезінде көмек көрсете алатын арнайы қызметкерлер бар. Мәселен, төтенше жағдай қызметі. Олар апаттың түрлеріне қарай тағы да бірнеше тармаққа бөлінеді. Соның бәрін жиынтықтай келіп, «Құтқарушылар» дейміз. 19 қазан осы құтқарушылар күні. Ел Президентінің 1995 жылдың 19 қазаны күнгі Жарлығымен Төтенше жағдайлар қызметі құрылып, Құтқарушылар күні болып бекітілген еді. Сол күннен бастап қауіпті де қиын қызметте еңбек етіп жүргендер бұл күнді өздерінің кәсіби мерекесі санайды.
Рас, құтқарушылардың жұмысы өз өмірлеріне қауіпті болып келеді. Дегенмен, олардың алдыға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Аудандағы №10 өрт сөндіру бөлімінің ардагері Несіпбек Құлмаханбетов күн-түн демей кез-келген уақытта өрт сөндірудің оңай емес кенін айтады. – Сырт көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ біздің жұмыстың нәтижесі – мыңдаған құтқарылған адамдар, адам өмірі» дейді ардагер. Несіпбек Сабденұлы әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс, жанұяларына амандық тіледі.
Нұршат ЕРСАЙЫН.