Арман Ділдәбайұлы

269 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

ӨМІРБАЯНЫ
Арман Ділдәбайұлы 1992 жылдың 8 желтоқсанында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақарал ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Алғашында Тараз мемлекеттік университетіне түсіп, аталмыш оқу орнын 2015 жылы бітірді. Ал 2019 жылы ТарМУ-ге сырттай түсіп, «Заң» мамандығы бойынша толық аяқтап шығады.
Саяси додаға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысуда.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына №12 сайлау округі бойынша кандидат ретінде тіркелдім. Ондағы басты мақсатым – халықтың ойын, қажеттілігін жоғары жаққа жеткізу. Егерде мен аудандық мәслихат депутаттарының құрамына енетін болсам, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді шешу үшін бойымдағы бар күш-жігерімді, білімім мен осы күнге дейін жинаған тәжірибемді барынша жұмсайтын боламын.
Құрметті сайлаушылар! Алдағы уақытта депутаттық мандатқа ие болатын болсам, Луговой және Қызылшаруа ауылдарында мына бір мәселелерді жолға қоюға тырысатын боламын.
1. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шыны керек, аталмыш мәселе қос ауылда да кездеседі. Мәселен, Луговой ауылындағы Құрымбаев пен Есімов көшелерімен күн сайын толассыз көліктер жүріп жатады. Дәл сондай жағдай Қызылшаруа ауылындағы үлкен облыстық мәндегі жолда да кездеседі. Меніңше, аты аталған мәселені шешетін күн жетті. Бұл бастама аясында ауылдық округ инспекторлары мен мектеп қызметкерлерін тартып, ортақ іс тыңдыру қажет. Өздігінен айыппұл салуға қауқарлы бейнекамералар санын арттырып, жүгенсіз жүрген жүргізушілерді тәртіпке шақыру қажет. Осы орайда қаңғыған иттер мәселесін де біржақты еткеніміз дұрыс.
2. Ауылды абаттандыру және көріктендіру. Елді мекендер аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары ұдайы жүріп тұруы тиіс. Ол үшін әрине жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламалары арқылы қоғамдық жұмысшылар санын арттырып, көріктендіру жұмысына баса назар аудару керекпіз. Орталық көшелерді тиісті деңгейде жарықтандырып, Луговой ауылында орналасқан орталық саябаққа да мықтап көңіл бөлген абзал.
3. Шағын және орта бизнесті дамыту. Ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамту үшін біз ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес саласын мықтап қолға алу керекпіз. Осы орайда жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені, қайтарымсыз гранттарды, субсидиялар мен әр түрлі деңгейдегі қаржылай қолдауларды тиімді пайдаланған дұрыс. Ұқсас бизнес түрімен айналысатын жастарды топтастырып, өнімдерін өткеру, делдалсыз саудаға салу мәселесін де қарастыратын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, кооператив құру жұмыстарын да жүйелендірген дұрыс деп есептеймін. Бұл ауылдағы сүт, ет бағытында жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін болады. Сондай-ақ, мен мәртебелі мандатқа ие болатын болсам, қос ауылда бір-бірден жылыжай соғуға, өзімнің замандастарымды сол іске баулуға қол ұшымды созатын боламын. Бұл баянды бастама бір жағынан кәсіпкерлікті дамытса, екінші жағынан бәсекелестік ортаны қалыптастырып, ауыл аумағындағы азық-түлік бағасын түсіруге сеп болмақ.
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР! МЕН ЖАС БОЛСАМ ДА, БАС БОЛУҒА КҮШ-ЖІГЕРІМ ДЕ, ҚАЖЫР-ҚАЙРАТЫМ ДА ЖЕТЕДІ. ОҒАН ӨЗ БАСЫМ СЕНІМДІМІН. СОНДЫҚТАН СІЗДІ ДЕ МАҒАН СЕНІП, ДАУЫС БЕРУГЕ ШАҚЫРАМЫН. ӘДІЛ ӘРІ БАТЫЛ ҚАДАМ ЖАСАҢЫЗ.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: