Көктемгі дала жұмыстары сапалы орындалуы тиіс

357 Views

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жос­пар­ланған. Жоспарлы жыртылуы тиіс 104 мың гектардың қазір­гі таңда 44,5 мың гектары жыр­тылды, 107,9 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы облыс әкімі Нұр­жан Нұржігітовтің төраға­лығымен өткен кеңесте жан-жақ­ты айтылып, кездесіп отырған мә­селе­лердің шешу жолдары тал­қыланды.
Басқосуда алдымен көктемгі егіс-дала жұмыстарының бары­сы қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, бүгінге дейін 65,9 мың гектар алқапта жаз­дық масақты дақылдар, 6,3 мың гектарға көп жылдық шөп, 4,5 мың гектарға көкөніс, 955 гек­тар алқапқа майлы дақылдар және 225 гектар алқапқа картоп дақыл­дары себілген.
– Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқым кө­лемінің 76,8 мың тоннасы қолда бар. Сондай-ақ, биыл қант қызылшасы дақылының егіс жос­парын 10 400 гектарға арт­тыру көзделген.
Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 6 893 дана ауыл шаруашылығы техни­каларын қа­тыс­­тыру жоспар­лан­ған. Тиісті техни­калар толы­ғы­мен дайын.
Бұдан бөлек, ақпан-сәуір ай­ларына жалпы 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлін­ген дизель отынын шаруа­шы­лықтарға тарату үшін, об­лыс бойынша 14 оператор анық­талған. Бүгінгі таңда 11,2 мың тонна кепілдендірілген ди­зель отыны облысымызға жет­кі­зі­ліп, 6,1 мың тоннасы ауыл шаруа­шылығы құрылымдарына тара­тылды. Бөлінген көлемді тасы­малдау және тарату жұмыстары тұрақ­ты бақылауда, – деді бас­қарма басшысы.
Аймақ басшысы аудандардан жеке-жеке жауаптар алып, суб­сидия беру, тыңайтқышпен қамту ісіндегі сылбыр жұмыс­тар­ды сынға алды.
– Көктемгі дала жұмыстары са­палы әрі уақтылы жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті қаражат қарал­ған. Тек тиісті орындармен, шаруа­лармен бірлесіп жұмыс жа­са­ңыздар. Мемлекеттік қол­дау әр ауылға, шаруаларға жету ма­ңызды, – дей келе облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тап­сыр­малар жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: