Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда!
«Наурыз, наурыз, күнгі игі,
Күні игі жердің түрі игі.
Бауыры жылып науат қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй, бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Қайырмасы:
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен
ұлдарға.
Наурыз айы туғанда!».
Бұл – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазған өлең жолдары. Қандай келісті өлең. Әні де бар. Ол әнді Қазақстанның халық артісі Роза Рымбаева керемет орындайды. Наурыз мерекесінде бұл ән міндетті түрде шырқалады. Сондықтан мақаланың кіріспе сөзін ақын Мұқағалидың өлеңімен бастауды құп көрдік.
Жалпы Наурыз мерекесі – күллі түркі ұлысына ортақ мейрам. Осы ұлық мейрамды қазақ халқы биыл ерекше атап өтті. Ол теледидардан да айтылды, газеттерге де жазылды. Әз-Наурызды ерекше тойлаған аймақтардың ішінде жазиралы Жамбыл өңірі де бар. Оның ішінде Наурыз мейрамы киелі Құлан жерінде де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен абзал. Аудан орталығына 10-нан аса ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Қазақы ою өрнекпен әдіптелген ұлттық киімдерімізді киген, бір-бірімен емен-жарқын хал сұрасқан ығы-жығы халық. Бір риза болғанымыз, ұлттық киімді ілгеріде үлкен кісілер ғана киюші еді ғой. Биыл ұлттық қиім киген жастардың қарасы көп болды. Біз соған шексіз қуандық, шыны керек.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын әз-Наурыз мейрамымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ырыс пен берекенің бастауы саналатын Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін құндылығы бөлек екенін тілге тиек етті.
Наурыз мейрамында жасалатын дәмді тағамның бірі – «Наурыз көже» екені белгілі. Онсыз Наурыз мерекесінің сәні болмай тұратындай көрінеді де тұрады. Мынадай оқиғаны көзіміз көрді осы кеште. Біз дәм татып отырған қазақ үйге бір топ кісі кіріп келді. Оларды аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері құрақ ұшып қарсы алып жүр. Ниеті таза адамдар сөйтеді әрқашан. Содан әлгі кісілерге шәй құйылып, «Наурыз көже» үлестірілді. Ас қайыратын кезде жаңағы бір топ адамның ішінен жасы 50-ден асқан ба екен, ер кісі сөз айтты.
«Біз – Өзбекстан астанасы Ташкенттің қазақтарымыз. Яғни, қандастарыңыз боламыз. Наурыз – молшылықтың айы. Бүгін сіздер соны жәй сөзбен емес, іспен ұқтырып жатырсыздар. Ташкентке ерекше сезіммен қайтып барамын. Шынайы пейілдеріңізге мың рахмет!» – деді. Осыдан-ақ, Құланда әз-Наурыздың қалай өткенін болжай беріңіз енді.
Содан соң мерекеге жиылған жұртшылық аудандық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Айталық, өнерпаздардың жыл басы туралы сахналаған қойылымы керемет болды. Әншілер мен бишілердің де көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Бұл мерекеде тек өнер ғана болған жоқ, ұлттық спорттарымыз да ұлықталды. Мәселен, қазақ күресі және асық ату ойынына халық белсене атсалысты. Қой көтеру сайысына қатысуға ниет білдіргендер қатарында жастар көп болды. Барлық сайыстардан жүлде алған азаматтарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша, Наурыз мейрамында Құланның аспаны әуелеген ән мен жырға бөленіп, ұлттық спортымыз ұлықталды.
Ұйымдасқан – ұтады
Наурыз мерекесін 10 мыңнан аса халқы бар Луговой ауылының тұрғындары да сән-салтанатпен атап өтті. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште алтыбақан орнатылып, 4 қазақ үй және 3 шатыр тігілді. Мұнда да мейрамды тойлауға келген халық санында есеп жоқ. Жасөспірімдер алтыбақан теуіп, жастар қазақ күресі, қол күресі, қой көтеру, гір тасын көтеру секілді спорт түрлеріне белсене қатысып, мейрамның көрігін қыздырды. Ауыл ақсақалдары арасында «Бата беру» сайысы да ұйымдастырылды. Барлық сайыстан жүлделі әрі жеңімпаз болған қатысушыларға ауыл әкімінің мақтау грамотасы мен қаржылай сыйлықтары табыс етілді. Луговойда өткен мерекелік кеште де әсем әндер шырқалып, бүлдіршіндер би биледі.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөздің түп-төркінін луговойлықтардың ұйымдастыру деңгейінен байқадық. Шынын айту керек, бұл ауылда да Наурыз мерекесі өте керемет өтті.
Жалпы, Наурыз мейрамы барлық ауылдық округтерде де кең көлемде тойланды.
Марат Диханбай.