Дәстүрлі акция өз жалғасын табуда
Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты акциясы ауданда биыл да жалғасын тапты. Бұл акцияның мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ, балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару.
27 наурыз күнінен басталған акция 10 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақытта жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне тағы бір салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға учаскелік инспекторлар, полиция қызметкерлері жаппай жұмылдырылады.
Біздің басты байлығымыз – балалар. Келешегіміз де сол бүлдіршіндер. Ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балаларымыздың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал. Өйткені, сақтықта – қорлық жоқ.
Аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобы.