Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтау

219 Views

ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ!
Сіздерді бірлік пен берекенің, тоқшылық пен молшылықтың басы, көктемнің тамылжыған жайдары мейрамы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін күні.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат Анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.
Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің өзегі болған ежелгі мейрам бүгінде біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымызда достық пен келісім нығаюда.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл күндері ауылдағы ағайын аулаларын тазартып, ағаш отырғызып, бұлақтардың көзін ашып, бір-біріне жақсы тілектер айтып, қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған.
Сондықтан да түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Ұлыстың ұлы күнінің сипаты татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы айрықша.
ҚЫМБАТТЫ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өткен мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, төл мерекеміз туған жер топырағына құт — береке әкелсін!
Бар тілектеріңіз қабыл болып, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай!
Дастархандарыңыз аққа, шаңырақтарыңыз баққа толсын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

 

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күтетін берекелі, кешірімі мен қайырымы мол – қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Қазақ халқы ежелден Рамазан айын ізгілік пен мейірімділікке, имандылық пен игілікке үндейтін, бірлік пен берекеге бастайтын «Он екі айдың сұлтаны» деп қадірлеген.
Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады.
Отыз күн Оразада баршамыз туған-туыстарымыз бен бауырларымызға қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше қол ұшын созуға тырысамыз.
Халқымыздың мәдениетінің алтын діңгегі ислам дінінің негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан біздің діни таным-тарихымыздың тамыры ешқашан үзілген емес.
Сол себепті ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дініміздің қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың бойында киелі Отаны мен қасиетті жеріне деген ыстық ықыласты, сүйіспеншілікті қалыптастыруымыз қажет.
Қадірлі жерлестер!
Қасиетті Рамазан айы бәріңізге жақсылық, құт-береке әкелсін!
Тұтқан оразаларыңыз, жасаған құлшылықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болып, Алла Тағала отбасымызға амандық, елімізге береке-бірлік, жерімізге тыныштық нәсіп етсін!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Аудан әкімі                                                                  Е.Есіркепов.

Поделиться ссылкой: