Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Жақында Алматы қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Қазақстан чемпионаты болған соң, ұлдар және қыздар арасында өтетіндігі және белгілі. Естуімізше, дәл осы біріншілікте 6,8,10,12,14,16 және 18 жасқа дейін 1000-ға жуық қатысушы бақ сынаған екен. Осыдан-ақ, бұл чемпионаттың қандай деңгейде өткендігін бағамдай беріңіз енді.
Жә, ол өз алдына бір бөлек әңгіме ғой. Әңгіменің төресі мынада болып тұр. Дәл осы ел біріншілігінде 6 жасқа дейінгі қыздар бәсекесінде Луговой ауылындағы «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Айару Каипова бақ сынады. Жәй бақ сынаған жоқ, әрине. Ол өзі қатысқан категория бойынша чемпион атанды. Бұл аудандық не болмаса облыстық жарыс емес. Білдей бір Қазақстан чемпионаты. Сол үшін де жазып отырмыз бұл қуанышты жаңалықты. Біз «қит» еткен пафосқа толы фейк ақпаратқа назар салмай, шындыққа жанасатын, нағыз жігермен келген осы жеңісті жаңалықты оқырман назарына жеткізуді жөн санадық, шыны керек.
Айарудың жасы – 5-те. Айару Ниязбекқызы шахматтың рапид деп аталатын, қазақшаласақ, тез ойнау түрі бойынша алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан біріншілігі күнде не болмаса ай сайын өтіп жатқан жоқ. Бір жылда бір рет қана ұйымдастырылады. Сөз басында да жаздық қой, 1000 қатысушы бақ сынады деп. 1000-ның ішінен дара озып шыққан Айаруды айтулы жеңісімен құттықтаймыз.
– Білесіздер, шахмат – күрделі ойын түрі. Дегенмен, Қазақстанда шахматтың даму қарқыны жақсы көрсеткішке ие. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева секілді мықты шахматшы аруларымыз бар. Өзім де бұл ойынды бала жасымнан ойнап келемін. Қазір мектепте шахмат үйірмесінен дәріс беремін. Қызымның қабілеті ерекше. Бір жарым жылдан бері шахматқа әуес. Сәтін салса, әлі талай биіктен көрінер. Өйткені, алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жарыстарға да қатыссақ деген ойымыз бар. Алматыдан алтын медаль жеңіп келген Айару қызымды әрқашан мақтан тұтамын, – дейді чемпионның әкесі әрі жаттықтырушысы Ниязбек Каипов.
Марат Диханбай.