3000 оқушы шахмат ойнады

138 Views

Естеріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шахмат федерациясы өкілдері мен осы спорттан талай белестерді бағындырған ел мақтаныштары Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева секілді мықты шахмат шеберлерімен кездесіп, еркін пікір алмасу өткізген болатын. Сол кездесуде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына шахматты дамыту, оның ішінде мемлекет тарапынан жүйелі көмек көрсету, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және шахматты жеке спорт түрі ретінде насихаттау, Алматыда 1500 балаға арналған шахмат пен ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат салу, тіпті, шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде қосу бойынша ұсыныстар айтылған еді. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсыныстарды қолдайтынын айтқан болатын.
Мінеки, содан бері сең қозғалды. Тиісті деңгейде жұмыс та жүріп жатыр. Қазіргі таңда шахматтан өтетін жарыстар да көп. Ең бастысы, шахмат ойнауға қызығатын балалар саны артты. Оны алысқа бармай-ақ, жақында ғана өзіміз жазған 5 жасар Айару Каипованың нәтижесінен байқауға болады. Қандай керемет. 5 жастағы Айарудың атағы дардай қазір. Ол шахматтың рапид деп аталатын түрінен ел чемпионы. Осыдан кейін қалай «дым жоқ» деп айта аламыз. Мемлекеттен қолдау да бар және шахматпен айналысатын оқушыларда да нәтиже жетерлік.
Мәселен, өткен аптада аудандық білім бөлімі жақсы бастама ұйымдастырды. Олар республикалық челленджді қолдап, бір мезетте, яғни 12:00-де барлық жалпы орта, негізгі және қосымша білім беру ұйымдарында шахмат ойынын өткізді. Керемет қой. Ал шахматтың баланың ойлау қабілетін дамытып, зейінін арттыратын спорт екенін көзі қарақты әр қазақ жақсы біледі. Ауданымызда шахмат ойнайтын оқушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл көңіл қуантатын жайт. Шахмат ойнаған бала – білімді, тәрбиелі, жан-жақты болып жетіледі. Ол – айдан анық. Қазір бала тәрбиесіне қатысты қоғамда сұрақ көп қой. Мүмкін, расыменде шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде «көп ойланбай» дереу қосқан абзалырақ болар.
Ресми дерекке сүйенсек, аудандық білім бөлімі ұйытқы болған республикалық челленджге 3000-ға жуық оқушы қатысқан екен.

СПОРТ – денсаулық кепілі

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Есірткісіз болашақ!» ұранымен 1 курс студенттері арасында жарыс өтті. Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға баулу әрі спортқа қызығушылығын арттыру.
Жарыс басталмай тұрып, алдымен студенттер бірыңғай жаттығулар жасады. Сосын колледж медбикесі есірткінің адам денсаулығына тигізер зияны көп екенін түсіндіріп, «Есірткіге тыйым салынады», «Нашақорлық ғасырдың тұзағы» деген тақырып мазмұнында басылған парақшалар таратты. Содан соң жарыс басталды. Аталған колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімдері қол күресі, қаппен жүгіру, скакалкамен секіру және эстафеталық жарыс бойынша сайыстар өткізді. Нәтижесінде ұйымдастырылған спорт түрлерінен өткен жарыс жеңімпаздарына дипломдар табыс етілді.

Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: