Әркімнің өз Туған жері – мысыр шаһары!

486 Views

Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектепте білім алып, осы күні еліміздегі адуынды айтыскер ақындардың қатарына қосылған Айтбек Тұрсынбайды жерлестері әркез мақтан тұтады. Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, айтыскер ақын, «Асыл домбыра – 2022» өнер бәйгесінің жеңімпазы Айтбек Тұрсынбай туған жерге табан тіреп, өзі білім алған мектеп оқушыларымен кездесті.Кездесуге мектептің 8-11 сынып оқушылары қатысты. «Жомарт түлек» жобасы аясында өткізілген кездесуді Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектептің ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Айтбек Тұрсынбай қазіргі таңда жастар арасында өте танымал ақын. Оның ақындық суырып салмалық шеберлігі бірден көзге көрініп тұрады. Кездесуде оқушылар көптеген сұрақтар қойды. Айтбек ақын соның барлығына мүдірмей, салт-дәстүр қағидаттарына сүйене отырып, жауап қайтарып отырды.
Мектебіміздің тағы бір түлегі, осы күні Тараз білім инновация лицейінде сабақ беретін мұғалім Алмас Тыныш та ауылға келіп, оқушылармен кездесті. 7-11 сынып оқушылары қатысқан оябы бөлек кездесуде ұлттық құндылықтар төңірегінде әңгіме өрбіді. Алмас Тыныш өз сөзінде мемлекет тарапынан оқушыларға барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. «Тек алдыңа мақсат қойып, жетістікке жетуің керек» деді ол. Кездесу барысында оқушылар мектеп түлегімен кеңінен пікір алмасты.

Г.Шотаева,
Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Сондай-ақ, жақында Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінде де «Жомарт түлек» жобасы аясында дәл осындай кездесу өтті. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Еркімбаева және кәсіптік бағдар беру маманы Г.Юсупованың ұйымдастыруымен өткізілген кездесу тақырыбы «Өмірін өнерімен өрнектеген» деп аталды. 11-сынып оқушылары қатысқан ілкімді шараға Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің мұғалімдері Перизат Үмбетова мен Думан Омарбеков және ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Айсұлу Байхожаева арнайы қонақ ретінде шақырылды. Келген қонақтар осы мектептің түлектері. Кездесуде қазақ өнерінің өзгелерден ерек екені туралы кеңінен сөз қозғалды. Ауданымыздағы мәдениет және өнер саласына қомақты үлес қосып жүрген жандардың әрбір сөйлеген сөздері оқушыларымызға мотивация сыйлады деген ойдамыз. Кездесу соңында мектебіміздің түлектері арнайы әкелген сыйлықтарын мектеп ұжымына табыс етті.

Б. Еркімбаева,
Ақбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Рахым Сәбденов ауылы.

Поделиться ссылкой: