Бас аманда мал тәтті, Бас ауырса жан тәтті…

510 Views

Жақында медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселелері тақырыбы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, «Әлмеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиал директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова және «Әлмеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Дәурен Бұрханов ауданымызға келіп, межеленген тақырып төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Спикерлер әуелі Көгершін ауылының тұрғындарымен кездесіп, ондағы халықтың пікірін тыңдады. Содан соң дәл осындай кездесу Луговой ауылында өтті. Екі ауылда да міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты қордаланған мәселелер бар екен. Халықтың басым көпшілігі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ақша аударылып жатқанымен, «бәрібір ақылық негізде қаралып жатырмыз» дегенді айтады. «Ауруханаға барсаң, кезектен көз ашпайсың» дейді қос ауылдың тұрғындары.
Тұрғындар көтерген барлық сауалдарға облыстан келген спикерлер жан-жақты әрі нақты мысалдармен жауап берді.
Түс мезгілінен соң дәл осы тақырып төңірегіндегі басқосу аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде жалғасын тапты. Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың төрағалығымен өткен басқосуға аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова, сондай-ақ, ауыл әкімшілігінің мамандары қатысты.
Басқосу барысында ауданымызда әлі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қаражат аудармай жүрген, яғни «сақтандырылмаған» тұрғындардың бар екені ашық айтылды. Ғайни Төленқызы аталмыш мәселе бойынша халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, мамандар қойған сауалдарға дәйекті мысалдармен жауап берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: