Ержетіміз ерлеп тұр

347 Views

Ержет Жарылқасын грек-рим күресінің шебері. Ол біздің жерлесіміз. Қазіргі таңда еліміздегі белді балуанның бірі. Тізе берсек, Ержетте атақ көп. Айталық, ол жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, 2022 жылы Болгария мемлекетінде өткен халықаралық турнирдің де жеңімпазы. Былтыр Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Осы таяуда ғана Испаниядан жылымшы хабар келді. Ержет Жарылқасын Испаниядағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
Шындығын айтуымыз керек, дәл қазіргі сәтте Ержетіміз ерлеп тұр. Жасөспірім кезінен грек-рим күресінің қыр-сырын үйреткен балуанның бапкері Нүркен Қырбасов Ержеттің бойында табандылық бар екенін айтады. Спортшының әрбір жетістігі аудан үшін зор мақтаныш. Ержет Жарылқасын да Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров секілді Олимпиада ойындарында абыройымызды асқақтатады деген ойдамыз. Құдай сол күнге жеткізсін.
Еркебұлан Әсетілда,
Құлан мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.

Аружан алтын алды

Жақында Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті. Бұл айтулы жарысқа №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аружан Бахытбек қатысып, 2009-2010 жылы туылған жасөспірім қыздар сайысында чемпион атанды. Осылайша Аружан 2-ші мәрте ел чемпионы болды. Негізінен Аружан Қорағаты орта мектебінде 7-сыныпта оқиды. Бокспен айналысып жүргеніне 2 жылдың жүзі болды.
Қостанайда өткен Қазақстан біріншілігінде Аружан Бахытбек 40 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, қарсыластарының барлығын қоғадай жапырды. Сөйтіп бұған дейін де көптеген жарыстарда олжалы болып жүрген білекті де жүректі Аружанымыз осы чемпионатта да өзінің мықтылығын дәлелдеді.
Жас спортшы қыздың бапкері №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінің жаттықтырушысы Есдәулет Құрмантаев екенін айта кетейік. Осылайша, жасөспірім былғары қолғап шебері бапкері қойған дұрыс тактиканың арқасында Қостанай жұртшылығын таңдай қақтырып қайтты.
Аружанның болашағы жарқын. Жаттығуын үздіксіз жалғастырып, осылай еңбек ете берсе, ол еліміздегі мықты спортшылардың бірі болары анық.

М. Диханбай.

Поделиться ссылкой: