Әлеуетті әскер – елдің берік қалқаны

171 Views

Аудан әкімі Ернар Есіркепов әскери гарнизонның жұмысымен жақын танысты.

Өткен аптада Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуына 31 жыл толуына орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және Луговой әскери гарнизонының қатысуымен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы қатысып, колледж студенттерімен бірге Луговой әскери гарнизонының материалдық-техникалық базасына өзіндік баға берді. Тілге тиек ете кетейік, шараның басты мақсаты – жастарды Отанды сүюге, ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректілікті, отансүйгіштікті, ұлтжандылық қасиеттерін дәріптеп, өскелең ұрпақты елін қорғай білуге тәрбиелеу.
Меніңше, Әбіләшім Мырқасымов бастаған аудан жастарының бұл мақсат-міндеті іс-шарада толық орындалды. Неге? Себебі, әскери гарнизон қызметкерлері тек өздерінің материалдық базасын таныстырып қана қоймай, кез келген жағдайға тас түйін дайын екендіктерін іс жүзінде дәлелдеп, ұрыс алаңында қолданылатын жаттығуларды жиылған жұртқа көрсетті. Жасырып қайтеміз… Тактикалық ұрыс әдістеріне ерекше таңданыспен қарадық.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара салтанатты кешке ұласты. Онда аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйлеп, сала мамандарын жеке құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ел аумағында бейбітшілікті сақтауға үлкен үлес қосып жүрген жандарға жылы лебізін арнап, ізінен қызметте алдыңғы қатардан көрінген бір топ мамандарды марапаттады.
Салтанатты жиын соңы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік кешімен жалғасты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: