Инвестиция игілігін әрбір тұрғын сезінуі қажет
Инвестиция ел игілігіне жұмыс істеуі қажет. Бүгінде бұл сөз дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің басты ұранына айналғандай. Шынында, сырттан қаржы құю арқылы, көп тірлікті алшаң бастыруға болады. Осыны жіті түсінген Мемлекет басшысы инвестиция тартуды барлық өңірлерге мықтап тапсырған болатын. Айта кетейік, соңғы кездері аудан аумағында индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда.
Инвестиция өңірге тек қаржы әкеп қоймайды. Тұралап тұрған тірлікті жандандырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға үлкен септігін тигізеді. Осыны мықтап түсінген болуы керек, аудан басшысы аталмыш бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беріп келеді. Жуырда ол инвестициялық жобаларды жүзеге асырушы топ мүшелерін жинап, «Достық» үйінде кездесу өткізді. Айта кетейік, аталмыш жиынға аудан басшысынан бөлек оның орынбасарлары Ерғазы Еспенов пен Бауыржан Есеев, жауапты бөлім басшылары мен инвесторлар қатысты. Соның бірі – Сейтбек Көкімбаев.
«Хамза» шаруа қожалығының иесі бүгінде ауылшаруашылығы саласында өнімді тірліктер атқарып келеді. Осы бағытты әрмен қарай дамыту, кәсібін кеңейту мақсатында жүйелі жоспар да құрып алған. Атап айтар болсақ, Сейтбек Кеңесұлы өз қаржысын құйып, бірнеше бағытты жандандырғысы келеді екен. Оның бірі – тері мен жүн қабылдау пунктін ашу. Осылайша инвестор аудандағы өзекті мәселелердің бірін оңтайлы шешуді көздейді. Сейтбек Кеңесұлы қазірдің өзінде қой жүнін 40 теңгеден, ешкі жүнін 2600 теңгеден қабылдап жатқандықтарын жеткізді. Сондай-ақ, «Хамза» шаруа қожалығының басшысы алдағы уақытта 400 басқа арналған сүт тауарлы фермасының құрылысын жоспарлап отырғанын да атап өтті. Аудан басшысы кәсіпкерге бірнеше ұтымды ұсынысын айтып, гидропоника саласына бет бұруды, тауарлы өндірісті дамытуға шақырды.
Басқосуда Луговой ауылында өрнектас жасап, кірпіш құю жұмыстарын бастап кеткен кәсіпкер Бахтияр Түлековтің де жобалары талқыланды. Аты аталған кәсіпкер бетон өндіру зауытының бизнес-жобасын таныстырды. Сондай-ақ, кәсіпкер алдағы уақытта тамақ өндірісін де дамытқысы келетінін айтып, аудан аумағындағы жеміс-жидектерді кәдеге жаратудың жолын түсіндірді.
Инвесторларды тыңдап болған аудан басшысы жиын соңында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетінін, мемлекет тарапынан жан-жақты көмектер берілетінін айтты.
– Инвестиция игілігін әрбір тұрғын сезінуі қажет. Мәселен, тері және жүн қабылдау орнын ашу аудандағы өзекті мәселенің бірін шешетін болады. Бізде шикізат қабылдайтын осындай арнайы орындар көп болса, тұрғындар да сабылып қиналмайтын болады. Сол үшін де біз бар күшімізді осындай игі бастамаларға жұмсауымыз қажет. Жаңа бағыттағы жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының санын арттыру – аса маңызды, – деп жауапты бөлім басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, аудан басшысы инвесторлар иелік ететін жер телімі қос тарапқа да ыңғайлы болу керектігін де жеткізді. Бұл алдағы уақытта кәсіпорын нысанына инфрақұрылым жүйелерін тартуға оңтайлы болатынын айтып, өз ойын жан-жақты түсіндіріп берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.