Жемқорлық – жегі құрт

243 Views

Т.Рысқұлов аудандық қоғамдық кеңес жанынан құрылған сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комитеттің ұйым­дастыруымен сыбайластықпен қоғам болып күресу мақса­тында түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Аудан орталығында орналасқан Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп пен №1 мектеп-лицейіне барған комитет мүшелері ұстаздар мен ата-аналардың басын қосып, көп жылдан бері қоғам талқысында жүрген мектеп қабырғасындағы ақша жинау мәселесін сөз етті. Аудандық қоғам­дық кеңес жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комитеттің төрағасы Ертіс Тұғылшиев білім мен тәрбие ошағында ақша жинау, ата-аналардың қаржысына мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу заңға қайшы екенін, бұл мәсе­леге тоқтам болуы керектігін жеткізді. Ал, комитет мүшесі Элла Сүлейменова сыбайластықтың сыйластыққа жатпайтыны жөнінде баяндама жасады. Екі мектепте өткен кездесуде де ата-аналар мен мектеп мұғалімдері өз ойларын ортаға салып, көптеген келелі мәселелерді көтерді. Екі жақты ашық пікір-талас форматында өткен жиында айтылған барлық мәселе аудандық қоғамдық кеңес жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комитеттің назарында болып, оның шешілу жолын тиісті органдармен бірге қарастырылатын болады. Сонымен қатар, бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта аудандағы өзге мектептерде де жалғасын табады.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: