Әке АРМАНЫ орындалды

809 Views

Әке АРМАНЫ орындалды

Құрметті оқырман! Редакция ұжымы газет бетінде көптен бері үзіліп қалған айдарларды қайта тірілтіп, жаңа айдарлар ашып, халықтың сұранысын қанағаттандыруға талпынып келеді. Соңғы кездері «Ауылда туып, қауымға танылғандар», «Фотоайғақ», «Аламан» айдарлары жарық көрді. Газетіміздің алдағы сандарында өзге де көптеген жобаларымызбен бөлісетін боламыз. Бүгінгі санда оқырман тарапынан келетін хаттар легін екшеп, оны қалың оқырманға ұсыну үшін «Оқырман хаттары» айдарын ашып отырмыз. Көкейлеріңізде жүрген ойларыңызды, пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды жазып, хат арқылы немесе Kulan_tany70@mail.ru электронды почтасына «Оқырман хаттары» айдарына деп жолдасаңыздар болады.

 

Қазақ халқының басынан нелер келіп не кетпеді десеңізші. Арыға бармай Кеңестік кезеңнен бергі тарихты ақтарып көрсеңіз де жеткілікті. Қынадай қырылған халықтың ауыр тағдыры көз алдыңызға келеді. Ашаршылық жылдарынан енді ес жиып, бас көтере бастаған тұста Ұлы Отан соғысы басталып, миллиондаған боздақ оққа ұшты. Бұл сол кездегі кез-келген отбасында болған ұмытылмас қайғы еді. Біздің әулетті де айналып өткен жоқ. Соғысқа аттанған ағалы-інілі екі жігіттің бірі әкем Қалмат 1943 жылы жараланып, соғыстан ерте қайтқанымен ағасы хабар-ошарсыз кетіп, оралмапты. «Ағамның есімі атаусыз қалатын болды» десе керек, әкем менің туу туралы куәлігіме Торламбайұлы деп жаздырыпты. Алайда, әке жүрегі мұнымен де тынши қоймапды. Өзі өмірден өткенше ағасының дерегін іздеумен болды. Есейе келе бұл іске мен де араластым. Ұзақ жылдар іздестіруден еш нәтиже таппай, көңіл алаң болып жүргенде ұлым жақсы хабар жеткізді. Өше бастаған үміт оты қайта тұтанды. Интернет желісіндегі «Pamyat-naroda.ru» сайтынан іздегеніміз табылып, бес адам жолға шықтық. Көрші Ресей федерациясының Новгород облысы, Демянск ауданы, Лычково селосы, Лонно деревнясына аяқ басып, бейітіне туған жердің бір уыс топырағын жеткіздік.

Әке арманын орындап, аманатын аяқсыз қалдырмағанымды көңілге демеу етіп, іштей Жаратқанға шүкіршілік еттім. Қайтар жолда «Естігенің өзіңе, көргеніңмен бөлісе жүр» деген нақыл сөз ойға оралды. Қолыма қалам алып, оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. Кім білсін, біз секілді әкесін, атасын іздеп жүргендер бар шығар. Соларға ешқашан күдер үзбеуді, үміттің ең соңында өлетінін айтқым келді.

Жолшыбек ТОРЛАМБАЙ,

Құлан ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: