Қыз – ұлттың ұяты

1 465 Views

Қыз – ұлттың ұяты

Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке- жеке әдет-ғұрпымыз, жол- жоралғымыз бар. Халқымыз сонымен қатар, бала тәрбиесіңдегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін “Ана тілі” деп атауы – аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.

Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Оны адам етіп тәрбиелейді және өзінің тілінде, яғни, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан, ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу – ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Қыз бала тәрбиесіне тек қана ана емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу – халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. «Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана “әже” деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу – ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады.

Бірақ… Қазіргі таңдағы қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш қалдыратын киімдер киіп, қымбат әшекейлер тағып, бет-ауыздарын бояп, өздерінің инабаттылығы мен сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады. Табиғаттың өзі жан дүниесін сұлу, нәзік, мейірбан етіп жаратқанына мән бермейді. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» дегендей, жас қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әсем ғой. Табиғат берген көрік пен сымбаттан артық не бар. Бірақ бұдан қыздарымыздың көбі хабарсыз.

Қыздарымыздың өркөкірек, сезімге сенбей «ақшаға» ғана сенетін болып бара жатқандығы тағы бар. Тәрбиені ата-анасына емес, теледидар, компьютерден алып келе жатқан жастар буыны қалыптасып келеді. Кейбір ата-ананың баласын тәрбиелеуге де уақыты жоқ.

Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан мүлдем қалады. Бала кезінен жылылық пен мейірімді көрмеген адам баласы қатыгездікпен өседі. Жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын жандар болады. Сондықтан, ата-ананың жылылығы, жақындығы жастар тәрбиесіне әсерін тигізбей қоймайды. Қазір, жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Қаладағы қазақ қыздарының көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны намыс көреді. Күнделікті өмірдегі көріністерге бір сәт назар аударайықшы. Мысалға, қыз балалардың бір-біріне қазақша «сәлеметсіз бе?» деп амандасуының өзі «мамбетка», «мамбет» деп қорлайды. Бірақ, бұған кімді кінәлаймыз? Соқыр желді айдаумен бірдей ғой. «Қасқырды аяғы асырайды» демекші, қазіргі заманымыз жанталас заманына айналды.

Қыздардың ішінде ұрлық жасайтындар мен шылым шегіп, арақ ішетініндер де кезігеді. Демалыс саябақтарынан шашын дудыратып ұйыстырған, ұнамсыз ерсі киім киіп, аяғын бірінің үстіне салып, темекі түтінін құмарлана жұтып отырған сылқым бикештерді жиі жолықтыруға болады. Қастарында отырған адамдардан именбейді. Ал, енді осыны көрген жас қыздарымыздың бұларға еліктемесіне кім кепіл? Кейде аялдамадан кейбір қыздарымыздың үлкен бар, кіші бар-ау деп қымсынбай жігіттермен құшақтасып, сүйісіп тұрғанын көргенде шыдамай төмен қарайсың. Ардақтауды, мәпелеуді, құпиялықты қалайтын махаббат атты құдіретті аяққа таптау емес пе бұл? Әрине, мұндай көргенсіздіктің өзіндік себептері көп екенін білеміз. Бірақ ең бастысы тәрбиенің кемшілігі екендігінде дау бола қоймас. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.

Қыздарымыз осындай ұлт жандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы әрі сыйлы.

А.НҰРЛЫБАЕВА,

Б.Момышұлы атындағы орта

 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: