ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰШТАР

788 Views

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰШТАР

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов өз заманында «Қазақ азаматтарына дәл қазір мына үш қасиет айрықша керек: біріншісі – білімділік, екіншісі – ұлтшылдық, үшіншісі – табандылық» деп жазыпты. Меніңше, ұлт зиялысы осынау ұлағатты сөзді ел игілігі жолында қызмет атқарып жүрген азаматтарға қаратып айтқан секілді.

Жасырып қайтейік, бүгінгі жаһандану дәуірінде біз атадан қалған адалдықпен бірге «Уәде – Құдай сөзі» деген құндылықты мықтап ұстанған бабаларымыздың өсиетін шеткері ысырып қойдық. Алайда, бәріне-бірдей сын тағуға болмас. Қазақ өлкесінде егемен еліміздің дамуына өзіндік із қалдырып, зор еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың саны өте көп. Өз басым солардың қатарына аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровты да қосар едім.

Мен Еркін Серікханұлын іскер басшы ретінде ол Құлан ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып тұрған кезде байқадым. Ескірген үйімнің терезесі тозып тұрғанын, оны жөндеуге қаржылық мүмкіндіктің жоқ екенін түсіндіру үшін жеке қабылдауына бардым. Маған жылы шырай танытып, айтқан мәселемнің мәнісіне құлақ түрді. Арада тәулік өтісімен ол өзінің уәдесіне бекемдігін көрсетіп, үйімізге жаңа терезе салып берді. Бұл – бір. Одан кейін, таяуда ғана немерем Рамазанның спортқа қызығушылығы басым екенін алға тартып, Еркін Серікханұлына белтемір немесе турник орнатып берсеңіз деген өтініш айтып едім, ол тағы да сөзімді екі еткен жоқ. Бұл маған ғана көрсеткен көмегі. Ал, ол жасаған жақсылықтардың айтылып, жазылмай жүргені қаншама?.. Жамбылдық мықты ақындардың бірі болған Нарша Қашағановтың «Жақсылық жаса адамға» дейтін өлеңі:

Жақсылықсыз жоқ тірліктің мәні түк,

Пейілі кеңді Құдай қояр жарытып.

Жақсылық жаса, жақсылық жаса адамға,

Жан-жағыңа жарық жылу дарытып,-деп басталушы еді. Сол айтқандай, жақсылыққа жаны құштар Еркін Серікханұлы сынды ізетті басшылар ауданымызда көп болсын дегім келеді.

Ұлту ЕРКЕБЕКОВА,

зейнеткер.

Поделиться ссылкой: