Түлектер тартуы тәнті етті

315 Views

Биылдан бастам маусым айының бірінші жұлдызы тек халықаралық деңгейде балаларды қорғау күні ғана емес, сонымен қатар, жыл бойы санаға білім жинақтаған оқушылардың мектеппен қоштасу күні болып есте қала бермек.
Күні кеше білім ордаларының киелі шаңырағы саналатын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде мерекеге орай «Балалық шақтан – болашаққа» атты мектеп бітіруші түлектерді шығарып салу кеші өтті. Оған Луговой ауылдық округінің әкімі Мұратбек Сванов, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бейсенбек Әлпейісов және бір топ ардагер ұстаздар құрметті қонақ ретінде шақырылды. Айта кетейік, аталмыш білім ордасын биылғы оқу жылында 64 түлек тәмамдады.
Ерекше форматта өткен салтанатты жиында жыл бойы «үздік» деп танылған 27 оқушыға құны 20000 теңгені құрайтын шәкіртақы тағайындалды. Аталмыш шәкіртақыны Луговой ауылының құрылуына өзіндік үлестерін қосқан азаматтар мен азаматшалардың атынан ардагер ұстаздар, кәсіпкерлер және мектеп түлектері ұсынды. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Тағы бір тоқтала кететін жайт бар. Ол – түлектер тартуы. Биыл оқу ордамызды осыдан 10 жыл бұрын тәмамдағаан 1995 жылғы түлектер келіп, ұстаздар қауымы мен оқушыларды арнайы құттықтады. Тек құттықтап қана қоймай, құны 1000000 теңгені құрайтын демеушілік жасады. Тілге тиек ете кетейік, аталмыш қаражатқа 10 жылдық түлектер мектептің алдында орналасқан тау тұлға Тұрар Рысқұловтың ескерткішін қайта жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жаны жайсаң жомарт жандарға ұжым атынан шексіз алғыс айтамыз.

Ербол ҚАЙПҰЛДАЕВ,
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры.

Поделиться ссылкой: