Қарақыстақ қойнауында
Қарақыстақ туралы тарихшы-жиһангездер аса көп естелік қалдырмаған. Өйткені Қарақыстақ қаласы Ұлы Жібек жолы бойында жатқанымен, Құлан сияқты бекіністі қала болмаса керек. Оны географтар: «Жібек жолының бір тармағындағы Қаракестек асуына баратын жол бойындағы көне қалашық» деп жазады. Десек те бұл қалашық ҮІІ-ҮІІІ ғасыр тұсында өмір сүргені анық. Тарихшы-өлкетанушы Бекқұлы Әлі бізге Қарақыстақ қаласы туралы мынадай деректер берді: «Қала аңғарын тас дәуірінде де адамдар қоныс етсе керек. Өйткені осы өңірден сақтардың отыздан астам қорған төбелері табылды. Қарақыстақ қаласы ҮІІ-ҮІІІ ғасырлар түйісінде пайда болғанын төрткүл қорғандарынан табылған қыштан, күмістен, алтыннан жасалған әшекейлі бұйымдар айғақтап тұр ма, деймін. Қалашықтың орны әлі де бар, бірақ оған археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле қойған жоқ.
Дегенмен, қорымдардан табылған таңбалы, айшықты жазуы бар балбал тастар, құмыра ыдыстар, тұрмыстық және жауынгерлік қару-жарақтар қала халқының сауда-саттықпен айналысқанын, өздерін сыртқы жаулардан қорғағанын айғақтайды».
Қарақыстақ асуынан жазық далаға шығатын шатқалдың аузы талай тасқын судан соң тастаққа айналған. Өйткені сонау асудың арғы жағынан тасып ағатын өзеннің судың да екпіні күшті болған-ау. Әйтпесе, шатқалдан төменгі еңіске тау-тау үйінді құм илеуі мен қорым тастар қайдан келген. Әрине, топан су басып, көктемгі еріген судан пайда болған сел тау бөктерін тастақты жерге айналдырып жіберген. Сондықтан болар, жергілікті халық бұл жерді «Тастақ» деп атап кеткен. Кеңес өкіметі тұсында бұл жерден шағал тас пен құм, қиыршық тас шығаратын асфальт зауыты пайда болды.
Қоқан ханы бұл өңірге билік құрып тұрған мезгілде Ботбай елінің Құдайғұл, Қанай, Қожай руларының басшысы әрине, Еркебұлан, Шаншар,Тортай, Құлман, Хантөре сияқты шонжар байлар болды. Ал, Сыпатай батыр мен Байзақ датқа елді Қоқан шүриттерінің езгісінен, 47 салығынан құтқару үшін Ресей патшасына хат жазды. Сыпатайға сол кезде Қанай би, Тантай би мен Досқожа батыр көп көмек көрсетті. Тортай болыс елді отырықшылдыққа үйрету жөніндегі Сыпатай батырдың тапсырмаларын орындау мақсатымен шағын-шағын тоғандар қаздырды. Мәселен, Нұрманбет байдың қолдауымен Сатыбалды кедей болса да болыстыққа өтіп кетті. Өйткені ол қазіргі «Сатыбалдының талы» деп аталатын жердегі «Ақкүшік» көлінің суын бау-бақша өсіруге пайдаланып, одан түскен көкөністі мал соңында жүрген халыққа сатты, малмен айырбас жасады, бірақ, елді қанаған жоқ. Қарақыстаққа 22 жыл болыс болды. Кейін болыс болған Жүрсінәлі де соның жолын жалғастырды.
Сыпатай батырдың және ат төбеліндей батыр билердің хаты Ресей патшасын да бері қаратты. Генерал Черняевтың жорығынан соң қазақтар орыстармен «одақтасып», Қоқан хандығын құлатты. 1875 жылы Тастаққа орыс переселендері келіп, қоныстана бастады. 1888 жылы елді мекен Каменка атауын алды. Бұл сол орыс мұжықтарының Тастақты орыс тіліне аударып қойған атауы болатын. Көзге көрінбесе де бұл кезде орыстың отарлау саясаты бірте-бірте күшіне ене бастады. Оның үстіне патша қоныстанушы әр адамға үш десятина жер, әр отбасына 300 рубль ақшаны он пайызбен 15 жылға берген болатын. Бұл шынында да мол ақша еді. Мәселен, 30 сомға бір жылқы, 20 сомға бір сиыр, 5 сомға бір қой сатып алуға болатын еді.
Каменка ауылының байырғы тұрғыны Иван Захарович Гладченконың естелігінде: «Нас было двадцать душ. Ехали мы из Дона из за станции Милерово, из хуторов Макеевка близ казачьего села Вашенская из Харьковской и Воронежской области и из Кубани. Ехали мы на быках и в одной бричке целых шесть месяца. В начале 8 семей, а потом 20 дворов прибыло. У реки Каракистак разбили палатки, и жили. Тогда волостной с Мерке приезжал. Бай Чанчар Еркебуланов, Тортай и Қулман Канаевы, Хантуре имели скот и даже жили в землянках. А у Сатыбалды был свой огород, не большой сад. Когда стал начальником Туркестанского округа Куропаткин (1880 г) на растоянии 24 верстах построил по одной школе, тюрму, да и почтовый полустанок: в Акыртюбе, Кумарыке и в Луговом, в Муньке».
«Заездной двор» деп аталып кеткен осы пошта бекетіне кейде сапарлап жүрген орыс өкіметінің өкілдері келіп дамылдайтын. 1885 жылы осы бекет үйінен екі сыныптық шіркеу мектебі ашылып, оған Меркі приставының хатшысы Григорий Чаранов мұғалім әрі меңгеруші болып тағайындалды. Әрине, православ шіркеуі тіліне балаларын оқытуға жергілікті халықтың құлқы болған жоқ. Айту ләзім, 1920 жылы ғана бастауыш мектеп дәрежесіне жеткенде мектепке Тит Григорьевич Таранов келді. Ол еңбек тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, оқушыларға сабақтан тыс уақытта мұғалімдермен бірге бақ орнатып, көшелерге тал-дарақ отырғызуды үрдіске айналдырды. 1934 жылы мектепке Тарановтың әйелі Елизавета келді де мектепті 4 сыныпқа көшірді. Ал, 1939 жылы директор Бережконың кезінде мектеп жетіжылдыққа толықтай ауысты.
Украина мен орыс жерінен қоныс аударған казактардың біразы аз уақыттың ішінде байып алып, кулакқа айналған ғой. 1928 жылы Кеңес өкіметі Мөңкедегі новофедоровкалық 12 кулакты, Каменкадағы қырық шақты кулакты тәркілеп, олардан 130 бас ірі қара мал, 40 өгіз, 60 жылқы, 22 соқа, 60 ағаш тырма, 30 темір тырма тартып алып, жергілікті артельге берді. Сол Жалпақсаз бен Каменкадағы екі артель бірігіп, кейін Сталин колхозы болды.
Иә, көненің көзі болған жәдігерлерді Б.Әлі бізге осыдан отыз жыл шамасы бұрын әкеліп көрсеткен (суретке түсірілген нұсқасын) болатын. Осы көне қала маңында кеңес өкіметі орнамай тұрып су диірмен бар еді. Сол диірменде заготскотта дайындаушы болып істеген Тоқтарғазының әкесі Қапыш, Тасшолақ ауылынан Әйтіш құда, Жаңатұрмыстың арғыны Ахметтің (Арқадан ауып келген (Тәттімбет, Жақсымбет Қазанғаповтардың домбырашы туысы) істегенін естіп едім. Қапыш диірменшінің әкесі Мұхаметжан 1905 жылдары Құнанбай қажылыққа барып келген соң, Семей өңірінен ол кісі де Мекке мен Мединеге сапар шегеді. «Пайғамбарымыздың (Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с) сүннетін орындап қайтқан соң ол кісіні ел «Ақмолда» деп атай бастапты. Ол кісі Құнанбай қажымен, Шәкәрім қажымен, Абай ұрпақтарымен құда-жекжат болған. Атамыздың інісі Ахметжан Шәкәрім Құдайбердиев, Абайдың ұлы Тұрағұлмен (Тұрағұл бір кезде осы Каменкада болған), Міржақып Дулатовпен бірге алашордашылар партиясында пікірлес болған соң қудалауға ұшырайды. Сөйтіп, аталарымыз 1930 жылы Луговой, Меркі өңіріне қоныс аударады. Дүние-мүліктерін үлкен сандыққа салып, құдыққа тастап, Шар теміржол бекетінен тұңғыш рет поездға мініп, алты күнде осы Луговой станциясына келіп жетеді. Бұл кезде елді аштық жайлаған. Өзімізбен ала шыққан кебежені еппен ашпасаң үш рет соғылатын қоңырауы бар. Арық, аш адамдар станцияларға тоқтаған сәтте далаға лап беріп, ұшып жүрген құстарды бас салып ұстап жеп жатқанын көріп шошыдық. Сол кезде кебежені ашып, тез-тез тамақтанып аламыз. Сондай заманды да көріп, диірмен ашып, елді де өзімізді де тойындырдық қой деп айтып отырушы еді әкем Қапыш» деп жазады Тоқтарғазы естелік кітабында.
Сонымен Сталин колхозына тұңғыш рет бастық болып Афанасий Сердюков сайланады. Бай-кулактардан тәркіленген малды қоса есептегенде колхозда бұл кезде 165 жылқы, 100 сиыр, 15 түйе, 350 қой болды. 1928-1932 жылдардағы ашаршылық халықтың тоз-тозын шығарып кетті. Әсіресе, малға келген жұт қазақ ауылдарын есеңгіретіп тастады. Ал, орыс мұжықтары егін егіп, құс өсіріп жаны қалды. Жаны күйзелген жергілікті халық орыс переселендерінің айдап қойған жеріне түскені үшін оларды орыс мұжықтары аяған жоқ.
Елді аштық жайлаған кезде Әулиеата уездік атқару комитеті Жүсіп (Шәу) Сатыбалдиев пен Әшімжан Нұршанов сынды өзінің эмиссарларын ел ішіне жіберіп, ашық аспан астында қазан көтертіп, ашыққандарды тамақтандырды. Сталин колхозының біраз малы осы мақсатқа сойылып кетті. Жүсіп Сатыбалдиев Қазақ ауылынан шыққан кедей болыс Сатыбалдының баласы болатын. Ол Түрксіб құрылысында кәсіподақты басқарды. Ең бастысы ол жалынды революционер Тұрар Рысқұловпен бірге Меркіде құрылған Жастар Одағына мүше болды. Біздің пайымдауымызша, Тұрар Рысқұлов Жалпақсаз ауылына жиі келіп тұрған. Оның да себебі бар. Рысқұл Жылқыайдаров осы Жалпақсаз ауылындағы Ақмырза есімді беделді кісінің Қалипа атты қызына үйленген. Тұрардың нағашы жұртына «Қырғызбаев» деген фамилиямен келуі тегін емес. Оның үстіне Тұрар Жүсіппен бірге Меркідегі Қарабай мектебінде бірге оқыған ғой. Кейін Ташкентте өткен партия съезіне Әшімжан Нұршанов большевиктер партиясынан, ал, Жүсіп Сатыбалдиев либерал-социалистер партиясынан делегат болып қатысады. Айту ләзім, мәселен, Қарабай Әділбековтің өзі алаш партиясынан делегат болып қатысқан. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров: «Қарабай европаша білім алған интеллигент еді. Қазақ даласында жаңадан пайда бола бастаған буржуазияның, ақпан және қазан революциясының мәнін жақсы түсінді. Ол осы төңкерістің қозғаушы күші орыс буржуазиясы екенін де, тіпті монархияны уақытша өкіметпен ауыстыру үшін жасалған төңкеріс екенін де ұқты. Бірақ, уақытша өкімет құлап, олардың орнына большевиктердің келуі бұл сенімді түгелдей ақтамады» деп жазады өзінің «Көзқарас» атты кітабында.
Тұрар Рысқұловтың Жалпақсаздағы нағашыларына қатысы болмаса осындағы кедей шаруа боп жүрген нағашысы Омарды партия ячейкасының серкесі етіп қоя ма? Кейін оның Шыңғожа есімді ұлы Меркі ауаткомын басқарып, Түрксіб құрылысына ауқымды көмек бермес еді ғой. Не десеңіз де, Жалпақсаз тарихи жер. Олай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» атты кітабында осы Жалпақсаз ауылына әкеп кейіпкері Калистратовты поездан түсіреді. Жалпақсаз Байқоңыр емес, жәй ғана елді мекен. Алайда ол Тұрардай тұлғаның нағашы жұрты екенін Шыңғыс сынды ғұлама білмеді деп ойлайсыз ба? Өйткені Нәзір Төреқұловпен Тұрар «Түрксіб» құрылысында бірге жүрді емес пе? Ал, Жалпақсаз Луговойдан таяқ тастам жерде тұр ғой. Осы ауылда дүниеге келген Түрксіб тарланы Әлмақан Әбдіманапов (кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алған диқан) да тегін адам емес-ау.
Әлі есімде…Шерағаң қояр да қоймай жазушы досым Мұса Рахманбердиев екеуімізді осы Жалпақсазға алып келген. Сонда Шерағам Шыңқожаның ұлы Ерлік Омаровты іздеп келіп еді. Демек, Тұрар туралы трилогия жазған көкем де Тұрардың нағашыларының осында екенін білген ғой. Иә, тарихты қазбалай берсеңіз көп нәрсені табасыз. Жаңа ғана сөз басында аузымызға ілік еткен Тоқтарғазы Қапышұлы Қырғызстан президенті болған Асқар Ақаевтың әйелі Мейраммен бірге бір сыныпта оқыды дегенге кім сенеді. Бірақ, ол – шындық. Мейрам Ақаеваның әкесі Дүйсен Қырғыздың Талас облысынан осы «Путь к коммунизму» колхозына келіп 12 жыл қой баққан, дәлірек айтсақ, Тоқтарғазының тура үйінің жанында тұрған.
Иә, 1932 жылы қанды қылышын сүйретіп, «аштық» атты үрей кеткен соң ел іргесін түзеп, есін жия бастады. 1937 жыл колхоздың өрге басуымен де, ел ішіндегі Савченко, Калашников, Белогорцев, Квиткиндердің «теміржол апатын көпекөрнеу қолдан жасады» деген жаламен он жылға сотталуымен де ерекшеленіп, өте шықты.
Артельдер мен союзқосшылар құрылып жатқанда «Жалпақсаз» колхозына Құрамыс Бегалиев бастық болса, «Қазақ» колхозына Ыртай Малдыбаев басшылық етті. Оған дейін 1922 жылдары оның әкесі Малдыбай Қылышбаев Қарақыстақ болысына қарасты №6 ауылға ауылнай болған екен. Ал, Ыртай ақсақал 1937-1948 жылдар арасында «Октябрьшаруа», «Алғабас» колхоздарына да колхоз бастық болған. Ол сонымен қатар 1942-1952 жылдар аралығында Қарақыстақ ГЭС-не директор болған. Осы Қазақ ауылында туып өскен Қали Мұсаев ағамыз сол жылдары Луговойда МТС құрылғанда оны Ақыртөбеге МТС-ке басшы етіп жібереді. Ол сонда 14 жыл бойы бастық болады. Кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, ең жоғарғы награда әскери «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Соғыс басталғанда Каменка ауылынан майданға бес жүздей азамат аттанады. Оның үш жүзге жуығы майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Соғыс басталған жылдары бізге сонау Ленинградтан, Москва мен Киевтен 150 отбасы қоныс аударды. Жергілікті өкімет 250 баланы клуб пен интернатқа жатқызды. Одан басқа жүзге тарта жанұяны жергілікті тұрғындар өз үйлеріне алып кетіп, қамқорлықтарына алды. 1943 жылы осы Қарақыстақ өңірінен жиналған жылы киім мен азық-түлікті Татьяна Ефимовна Завгородняя блокададағы Ленинградқа алып барды. Осы сұрапыл соғысқа аттанған азаматтардың біразы туған жерге Жеңіспен оралды. Бірақ, жұрт ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалерлері каменкалық Василий Михайлович Кальковты, ІІІ және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері Сырайыл Керімбаевты, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алған Әбу Қарашевті, екі «Қызыл Жұлдыз» ордені бар Асылхан Әбдіхалықовты, каменкалық Әзімбай Асылбековты, жалпақсаздық Молдабек Оразалиев пен ІІІ және ІІ дәрежелі әскери «Даңқ» ордендерін қатар алған Рәпбай Қопабаевты, Петр Иванович Ткаченконы, Қырықбай Дайрабаевтарды, әскери «Қызыл Ту» орденімен марапатталған Қали Мұсаевты ұмытқан жоқ. «Қызыл Жұлдыз» орденін алған Сыдықназар Керімбаевты, Петр Андреевич Понежинді тағы басқалардың ерлігін ел аңыз етіп айтып жүр.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң да халық асқан энтузиазммен жұмыс істеді. Мәселен, жылқышы Сарқұл Құланов ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. 1948 жылы механизатор Степан Петрович Рябинский мен «Ленин» асыл тұқымды совхозында егіс бригадасын басқарып жүрген жерлесіміз Әлмақан Әбдіманапов та омырауына Алтын Жұлдыз тақты. Ал, «Ленин» орденіне Қазақ ауылынан Бекбай Бақашев, Молдақұл Жексембиев, Жалпақсаздан Октябрь революциясы орденіне Зинаида Дәуқараева, «Ленин» орденіне Артық Есалиев, Таласбай Қарақұлов пен Нұрабаевтар ие болды.
Мақала мәтіні мен суреттері Сейсен Қожеке жинақтаған «Жаңғырған өңір» кітабынан алынды.