Мемлекеттік Рәміздер – елдіктің нышаны

184 Views

Мен студентпін. Жаспыз дегендей. Оның үстіне, қазір дамыған заман. Осы күні мен тұрғылас жастардың барлығы әлеуметтік желіде отырады. Өз басым әлеуметтік желіде ырду-дырдудың айналасындағы жаңалықтарды емес, керісінше, өзіме қажетті дәйектерді оқуға тырысамын. Өйткені, маған сол пайдалы екенін іштей түсінемін.
4 маусым, яғни жексенбі күні болса да, Рәміздер күні республика бойынша жоғары деңгейде тойланды. Оны әлгінде айтқанымдай, әлеуметтік желі платформаларынан болсын, мерзімді баспасөз құралдарынан да, теледидардан да көрдік.
Мемлекеттік Рәміздер дегеніміз – менің ұғымымда әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетіміздің рухы мен салт-санасының, қаһармандығы мен тұрақтылығының нышаны. Қарға тамырлы қазақтың Мемлекеттік Елтаңбасы мен көк түсті Туымызға әлем халқы қызыға қарайды. Сол себепті де, біз, жастар, Елтаңба авторлары Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтің, Ту авторы Шәкен Ниязбековтің, Әнұранның әні мен сөзін жазған Шәмші Қалдаяқов және Жұмекен Нәжімеденов секілді ұлтқа ұпай жинау үшін емес, шынайы болмысымен қызмет еткен аяулы есімдерді әрқашан ұлықтап жүруіміз керек.
Жақында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты өткенін білесіздер. 4 бірдей қазақ оғландарының жігерлі жеңісінің арқасында Ташкенттің төрінде Әнұранымыз қалай шырқалды. Бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Тіпті боксшы Асланбек Шымбергеновтің көзіне жас алғанын да теледидардан көрдік. Мен өз елімнің Мемлекеттік Рәміздерімен әрқашан мақтанамын.

Дариға Сейлібайқызы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультеті конвергентті журналистика мамандығының 1 курс студенті.

Поделиться ссылкой: